200 миллиард теңге қолды болды
Қаржылық мониторинг агенттігі зейнетақы қорынан заңсыз ақша шығарумен айналысқан стоматологиялық клиника басшыларына қатысты тергеуді жалғастыруда, деп хабарлайды Politico.kz
Тергеу мәліметінше, күдіктілер азаматтармен тіс емдеу туралы формальды шарттар жасасқан. Кейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына» жалған медициналық құжаттарды өткізу арқылы клиенттің есепшотындағы ақшаны қолма-қол шығарып беріп отырған.
Бұл «көмегі» үшін ұйымдастырушылар шешіп берген қаражаттың 10 пайызынан 20 пайызына дейінгі бөлігін алып қалған. Алаяқтық схемаға барлығы 42 стоматологиялық клиника тартылды. Қордан заңсыз шығарылған жалпы сома 200 миллиард теңгеден асты.
Күдіктілер қылмыстық жолмен тапқан табысына элиталық пәтерлер мен қымбат көліктер сатып алған. Мүлікті жасыру мақсатында оларды туыстары мен таныстарының атына рәсімдеп, жаңа клиникалар ашқан.
Сондай-ақ дәрігерлік-консультациялық комиссияның жалған қорытындыларын жасап берген медицина қызметкерлері де жауапқа тартылуда. Олар жалған анықтама саудасынан 30 миллион теңге пайда тапқан.
Қазіргі уақытта 11 күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды. Тағы үш адамға қатысты үйқамақ шарасы қолданылды.
Агенттік өз зейнетақы аударымдарын алған азаматтар қылмыстық қудалау аясына түспейтінің хабарлады.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі зейнетақы қорынан 46 миллиард теңге жымқырғандарға іздеу жариялаған болатын.
Соңғы жаңалықтар