Қаржылық мониторинг агенттігі зейнетақы қорынан 46 миллиард теңге жымқырғандарға іздеу жариялады

Қаржылық мониторинг агенттігі зейнетақы қорынан 46 миллиард теңге жымқырғандарға іздеу жариялады
02.10.2025 16:47
0
313
Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі
Зейнетақы қорынан 46 миллиард теңге жымқырғандарға іздеу жарияланды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.

Қаржылық мониторинг агенттігі аса ірі көлемде ақша жымқыру схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген үш азаматты іздестіріп жатыр. Олар халықтың зейнетақы қорындағы қаражатты жалған құжаттар арқылы заңсыз шығарып алған.

Агенттіктің хабарлауынша, іздеуде жүргендер:

  • 1992 жылы туған Дүйсенов Аслан Қамбарұлы;
  • 1998 жылы туған Иманбаев Габбас;
  • 1987 жылы туған Елешев Есімхан Баяндиевич.

Аталған азаматтар 46 млрд теңгеден астам қаражатты БЖЗҚ заңсыз шығару мақсатында қылмыстық схемаларды ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Бұл мақсатта олар тіс емдеу қызметі көрсетілгендей жалған медициналық құжаттарды рәсімдеген.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, олар Маңғыстау және Атырау облыстарында орналасқан 7 тіс емханасын пайдаланған. Алайда, бұл емханалар шын мәнінде ешкімге медициналық қызмет көрсетпеген, тек құжат жүзінде ғана жұмыс істеп тұрған. Қазіргі уақытта сот Дүйсенов, Иманбаев және Елешевке қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды.

Айыпталушылардың бірі — Аслан Дүйсенов бұрын полиция қызметкері болған, алайда теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылған. 2016 жылы ол Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу») және 362-бабы («Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану») бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Осыған байланысты, Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген азаматтардың қайда екенін білетін адамдар болса, дереу хабарласуды сұрайды.

Ақпаратты +7 (7172) 70 84 78 нөмірі арқылы кезекші бөлімге хабарлауға болады.

Хабарласқан адамның аты-жөні құпия сақталады және оларға сыйақы берілетініне кепілдік берілген.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий