2026 жылдан бастап Батыс Қазақстанда газ тарифі шарықтауы мүмкін
Қазақстанда коммуналдық тарифтерді көтеруге енгізілген мораторий аяқталғаннан кейін Батыс Қазақстан облысында газ тасымалдау құны бірден 2,6 есеге өсуі мүмкін, деп хабарлайды POLITICO.KZ Уральская Неделя-ға сілтеме жасап.
20 қазанда өткен тыңдауда «QazaqGaz Aimaq» АҚ компаниясы 2026–2030 жылдарға арналған жаңа тариф жобасын таныстырды. Оған сәйкес, газ тарату желілері арқылы тауарлық газды тасымалдау тарифін 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мың текше метр үшін қазіргі 3 655,43 теңгеден 9 630,73 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр. Бұл бағаның 2,6 есеге жуық өсуі деген сөз.
«QazaqGaz Aimaq» өкілдері мұндай қадамға бару қажеттілігін материалдар құнының, жөндеу және пайдалану жұмыстары бағасының өсуімен, сондай-ақ компанияның инвестициялық бағдарламасын іске асыру қажеттігімен түсіндірді.
Алайда, бұл жаңа тариф бірден күшіне енбейді. Естеріңізге сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылдың 16 қазанында елдегі барлық коммуналдық қызметтерге, соның ішінде газ тарифіне де мораторий енгізілгенін мәлімдеген болатын. Бұл шектеу 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін, яғни келесі жылдың сәуір айына дейін жалғасады.
Демек, Батыс Қазақстан облысындағы газ тасымалдау тарифінің өсуі осы мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін ғана жүзеге асуы мүмкін. Компания өкілдері бұл өзгерістің әзірге халық үшін газдың соңғы бағасына тікелей әсер етпейтінін айтты.
Соңғы жаңалықтар