30 жыл бұрын бір топ жігіт зорлаған: Наташаның қызы ДНҚ тапсырып, АҚШ-тан елге келмек
30 жыл бұрын кәмелетке толмаған кезінде зорланғанын айтқан Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Наташа Қалымбетова өзінің ісіне қатысты жаңа деректермен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазір ол бірнеше жыл бойы қозғалыссыз тұрған қылмыстық істің қайта жандана бастағанын айтып, қуанышты жаңалығын жеткізді. Наташаның сөзінше, оның мәселесі билікке жетіп, істі тергеу бойынша нақты қадамдар жасала бастаған.
Оның мәлімдеуінше, тергеу барысында өзі тапсырған биологиялық материал АҚШ-та тұратын, америкалық отбасы асырап алған қызымен генетикалық сәйкестікті анықтау үшін сол елге жіберілген.
Енді Наташаның АҚШ-тағы қызы да биоматериал тапсырады. Осы рәсімдер аяқталғаннан кейін оның қызы Қазақстанға келмек.
«Сол себепті енді АҚШ-қа барудың қажеті жоқ. Енді істің сотқа қашан жететінін күтемін. Сотта барлығын дәлелдеп, болған жағдайды көрсетіп, әділдікке қол жеткізгім келеді. Біздің үніміз билікке жетті. Бірнеше жыл бұрын мен сияқты әйелдер мен қыздардың дауысы естілді ме? Қазір біздің мәселемізге назар аудара бастады. Сталкинг фактілері де бар. Бірнеше жыл бұрын қазақ қоғамы мұндай қылмыстың барын және ол үшін жаза қарастырылғанын біле бермейтін. Бұл менің жаныма батты. Енді жеткілікті. Әділдік бар екеніне сенемін. Президент менің үнімді естіді», – деді Наташа Қалымбетова.
Еске сала кетейік, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Наташа Қалымбетова 30 жыл бұрын болған зорлық оқиғасына байланысты соттасып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, өзін 17 жасында төрт ауылдасы зорлаған. Осы қайғылы жағдайдан кейін Наташа ұзақ жылдар бойы шетелде өмір сүрген.
Осы оқиғадан кейін полиция сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар