“40 минут күттім!”: Көкшетауда көлік тұрағына таласқан ер адам студент қыздың басынан есікпен ұрған
Көкшетауда көлік тұрағына байланысты ер адам мен студент қыздың арасындағы жанжал қылмыстық іске ұласты, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 17 қыркүйекте тұрғын үйлердің бірінің маңында болған. Студент қыз Lada Vesta көлігін автокөліктер шығатын қақпаның алдына қойып, сабаққа кеткен. Шамамен бір жарым сағаттан кейін көлігіне оралған ол өзін күтіп тұрған ер адаммен сөзге келіп қалған.
Полицияның мәліметінше, ер адам көлік иесін шамамен 40 минут күткен. Жанжал кезінде қыз көлігіне отыруға әрекет жасаған сәтте ер адам машинаның есігін тепкен. Соның салдарынан есік қыздың басына тиген.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталған жерде көлік шығатын жолды көрсететін жол белгісі немесе арнайы белгі болмаған. Бұл жайт та жүргізіліп жатқан тексеру барысында анықталуда.
Қазір ер адамның жеке басы анықталды. Оған қатысты бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тергеу нәтижесіне қарай іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
Соңғы жаңалықтар