Астанадағы сауда үйіне “қауіп” төндірген жасөспірім шетелде ұсталды

18.09.2026 18:09 Қарақат АСЫЛОВА
Астанадағы сауда үйіне “қауіп” төндірген жасөспірім шетелде ұсталды
252
Фото: Politico.kz

Астанадағы сауда және ойын-сауық орталықтарының біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама жіберді деген күдікпен Украинада жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оны Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Украинаның киберполициясы бірлесіп анықтаған.

ІІМ мәліметінше, күдікті 26 тамызда Украинаның Сумы қаласында ұсталған. Тінту кезінде одан бірнеше ұялы телефон, планшет, ноутбук, жүйелік блок және банк картасы тәркіленді.

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, электронды құрылғылардан іске қатысты цифрлық дәлелдер табылған. Олардың арасында хабарлама жіберу үшін пайдаланылған болуы мүмкін аккаунт және жалған қауіп туралы мәтін де бар.

Қазіргі уақытта мамандар тәркіленген техниканы зерттеп жатыр. Тергеу барысында жасөспірімнің ықтимал сыбайластары анықталып, оның бұған дейінгі басқа да жалған қауіп туралы хабарламаларға қатысы бар-жоғы тексеріледі.

Қазақстан тарапы күдіктіге қатысты әрі қарай жүргізілетін процессуалдық әрекеттерді Украина құзырлы органдарымен талқылап жатыр.

ІІМ жалған түрде жарылыс, терроризм, кепілге алу немесе басқа да қауіп туралы хабар тарату әзіл емес екенін ескертті. Ведомство мұндай әрекеттердің құқықтық салдары бар екенін айтып, ата-аналарға балаларға интернеттегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий