$75 мың пара: Еңбек министрлігінің экс-басшыларының ісі сотқа жолданды

20.03.2026 11:53 Арман Ермеков
$75 мың пара: Еңбек министрлігінің экс-басшыларының ісі сотқа жолданды
159
Суретте: Сарбасов, Арғандықов, Омаров | Фото: Zakon.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұрынғы екі орынбасары мен «Бірінші несие бюросының» бас директорына қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталып, материалдар сотқа жолданды, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, былтыр жазда «Бірінші несие бюросының» бас директоры Руслан Омаров пен бұрынғы вице-министрлер Дәулет Арғандықов және Ақмәди Сарбасов ұсталған болатын. Тергеу мәліметінше күдіктілер 75 мың доллар көлемінде пара беріп жатқан жерінде қолға түскен.

Бұл қаражат Еңбек министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» мен жекеменшік несие бюросы арасындағы заңсыз келісімнің бір бөлігі болған. Аталған орталық азаматтардың табысы туралы ақпаратты жинайды, ал бұл мәліметтер банктерге несие беру кезінде адамның төлем қабілетін бағалау үшін аса қажет. Қаржылық бақылаушылардың анықтауынша 2020 жылы орталықты басқарған Дәулет Арғандықов Руслан Омаровпен заңсыз шарт жасасып, нәтижесінде жеке компания көрсетілген қызметі үшін 35 пайызға дейін табыс тауып отырған. Ал дәл осы салада жұмыс істейтін Мемлекеттік несие бюросының үлесі небәрі 30 пайызды құрағандықтан мемлекеттік мекеменің пайдасы айтарлықтай төмендеп кеткен.

Бұған қоса Арғандықов Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Мемлекеттік несие бюросын байланыстыратын ақпараттық арналарға қасақана зиянды бағдарлама орнатуға рұқсат берген деген күдікке ілінді. Бұл бағдарлама мемлекеттік жүйенің жұмысын әдейі баяулатып, жекеменшік Бірінші несие бюросына азаматтардың мәліметтерін жылдам алуға үлкен артықшылық берген. Сәйкесінше сұраныстарды тез өңдейтін болғандықтан банктер мен клиенттер жеке компанияның қызметіне көбірек жүгінген.

Ал былтыр көктемде Арғандықовтың орнына орталық басшысы болып келген екінші экс-вице-министр Ақмәди Сарбасов алдыңғы басшының бекіткен шарттарымен жұмысты жалғастырып, осы қызметі үшін ірі көлемде пара алған. Осыған байланысты Сарбасовқа пара алу және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану айыбы тағылды. Оның әріптесі Арғандықов өкілеттігін асыра пайдалану, пара беру және зиянды бағдарлама орнату бойынша айыпталса, бюро басшысы Омаровқа пара беру және өкілеттікті асыра пайдалануға көмектесу айыбы тағылып отыр.

Құқық қорғау органдарының есебінше бұл заңсыз әрекеттерден Еңбек ресурстарын дамыту орталығына 2 миллиард теңге көлемінде шығын келген. Қазіргі таңда қылмыстық іске қатысушылардың 1 миллиард теңгелік мүлкі бұғатталды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий