ҚазҰУ жатақханасындағы студент өлімі: оқиға туралы не белгілі?

ҚазҰУ жатақханасындағы студент өлімі: оқиға туралы не белгілі?
Фото: Яндекс

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті студенттері тұратын №5 жатақханада 1-курс студенті көз жұмды. Қайғылы оқиғаға қатысты қазіргі уақытта полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға кешкі сағат 21:00 шамасында болған. Жатақхананың бірінші қабатындағы асханада жүрген студенттерге бір қыз жүгіріп келіп, жоғарғы қабатта мәйіт бар екенін айтқан. Студенттер бөлмеге кіргенде, бойжеткеннің асылып тұрған денесін көрген. Олар дереу марқұмның денесін түсіріп, жүрек соғысын тексергенімен, оның жан тапсырғаны белгілі болды. Оқиға орнына жедел жеткен полиция мен криминалистер бөлмені қоршауға алып, куәгерлерден жауап алды.

Қайғылы жағдайдан кейін студенттердің чаттарында «бөлмеден шықпау және терезеге қарамау» туралы ескертулер тараған. Сондай-ақ оқиға орнына барған тілшілерге жатақхана студенттері бұл жайтқа қатысты сөйлесуге тыйым салынғанын айтып, тіс жармаған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, қайтыс болған қыздың есімі — Жанель. Ол Шымкенттен келіп, биыл ғана білім ордасына қабылданған. Оның туған анасы қыз төрт жаста болғанда қайтыс болып, оны нағашы тәтесі (анасының сіңлісі) бағып-қаққан. Сондай-ақ студенттің оқиғаға дейін факультетін ауыстыру бойынша деканатқа жүгінгені де белгілі болды, алайда оның себебі әзірге беймәлім.

Марқұмның жақындары Threads желісінде ресми мәлімдеме жасап: «Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайы мен себептері толық анықталған жоқ. Сондықтан асығыс қорытынды жасамай, тексерілмеген ақпаратты таратпауды сұраймыз. Бізбен жақында ғана сөйлескенде бәрі жақсы еді. Бұл хабар бәрімізге ауыр соққы болды», — деп жазды. Сонымен бірге туыстары кейбір желі қолданушыларының осы қайғылы жағдайды хайп үшін пайдаланып жатқанына қынжылыс білдірді.

Алматы қалалық Полиция департаменті оқиғаны растап, сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

«Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді».

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу