76 жастағы қазақ ақсақалы Парижге дейін жаяу жетіп, әлемді таңғалдырды

26.04.2026 13:05 Қарақат АСЫЛОВА
76 жастағы қазақ ақсақалы Парижге дейін жаяу жетіп, әлемді таңғалдырды
273
Фото: 24.kz
Ұлытаулық саяхатшы 3 мың шақырымды жаяу жүріп, Парижге барды

76 жастағы Ұлытаулық саяхатшы Сарсенбай Котырашов Парижге дейін жаяу жетті, деп хабарлайды Politico.kz.

Ұлытау өңірінің 76 жастағы тұрғыны Сарсенбай Котырашов Франция астанасы Париж қаласына жаяу жетіп, шамамен 3 мың шақырымды 53 күнде еңсерді.

Франция астанасында ақсақалды дипломаттар мен отандастары зор құрметпен қарсы алып, шашу шашып, қошемет көрсетті. Саяхатшыны көпшілік Ulytauman лақап атымен таниды.

Бұл оның Еуропаға жасаған төртінші үлкен сапары. Бұған дейін ол жаяу жүріп бүкіл Қазақстанды аралап шыққан. Кейін Кавказ арқылы Стамбул қаласына жетсе, одан соң Алтай мен Моңғолияны басып өтіп, Пекин шаһарына дейін барған.

Еуропадағы сапар оңай болмаған. Қатаң ережелерге байланысты ол автобандармен тікелей жүре алмай, көбіне айналма жолдармен, велосипед жолақтары мен қиын соқпақтар арқылы қозғалған. Тіпті жүк таситын арбасы да жолға шыдамай сынған. Соған қарамастан, саяхатшы өз мақсаты мен қағидатынан таймаған.

Сарсенбай Котырашовтың айтуынша, оның басты мақсаты – қазақ халқының қайсарлығын әлемге таныту және Гиннестің рекордтар кітабы тізіміне ену. Ол үшін жаяу жүріп 40 мың шақырымнан астам жол жүру қажет. Қазіргі таңда оның жалпы жүріп өткен қашықтығы 18 мың шақырымға жеткен.

ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде қазақстандық саяхатшы ерекше құрметпен қарсы алынды. Ұйым өкілдері оны қазақ мәдениетінің жаршысы ретінде бағалап, оның еңбегін жоғары атап өтті.

Сапардан кейін ақсақал елге оралып, ұсталық өнерін жалғастырып, жаңа жорықтарға дайындалмақ. Оның келесі жоспары – 2027 жылы АҚШ-та жаяу сапар жасап, Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі сегіз штатты кесіп өту.

Сарсенбай Котырашов қазақстандықтарға күн сайын жаяу жүруді әдетке айналдырып, өз-өзіне сенуді және үнемі дамуды ұмытпауға кеңес берді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий