"Артында бес баласы қалды": Ерболат Айнабеков сотталған әріптесінің жағдайын айтты
Шымкентте шенеуніктен 10 млн теңге бопсалады деп айыпталып, 5 жылға сотталған журналист Арай Есенбектің ісіне қатысты әріптесі соттағы жағдайды айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Шымкент қаласының экс-әкімі Мұрат Әйтеновтің тұсында баспасөз хатшысы болған әрі Kungei порталын басқарған Арай Есенбек 24 сәуір күні сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 2025 жылдың қараша айында ұсталған ол қалалық әкімдік қызметкерінен жағымсыз материалдар жарияламау үшін 10 млн теңге талап етті деп айыпталған.
Бұл жағдайға қатысты шымкенттік белгілі журналист Ерболат Айнабеков әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырып, сот барысында мемлекеттік айыптаушылардың кенеттен ауысқанын мәлімдеді. Процеске бастан-аяқ қатысқан журналист істің қалай өткенін өз көзімен көргенін айтады.
"Бүгін Шымкентте журналист әріптесіміз Арай Есенбекке қатысты сот үкімі шықты. Бес жыл. Қатаң үкім, ауыр жаза. «Бопсалау» деген баппен айыпталды. Заңның аты — заң, бірақ адамның аты — адам емес пе? Сот отырыстарына бастан-аяқ қатысып, процестің қалай өткенін өз көзіммен көргендіктен, кейбір жайттарды айтпай қала алмаймын. Жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы Арайдың іс-әрекетінде «бопсалау» қылмысының құрамы жоқ екенін ескеріп, оны «алаяқтық бабы» бойынша айыптап, бар болғаны 1 жыл жаза кесуді сұраған болатын. Бірақ келесі сот отырысында прокурор кенеттен ауысып кетті де, жаңадан келген мемлекеттік айыптаушы бірден 6,5 жыл сұрады. Бір іс, бір айып, бірақ екі түрлі прокурордың екі түрлі көзқарасы... Бұл жағдайдың астарында не жатқаны, қандай мүдделер соқтығысқаны бізге беймәлім. Тек жанамалап қана жорығаннан басқа амалымыз жоқ", – деп жазды ол.
Оның сөзінше Арай Есенбек осы уақытқа дейін ақша алды немесе бопсалады деген лас қауесеттерге ілікпеген. Сонымен қатар ол сотталған әріптесінің артында шиеттей 5 баласы қалғанын жеткізді.
"Арайдың артында шиеттей бес баласы қалды. Үлкені әлі бастауыш сыныпта оқиды. Олар әлі «түрме», «үкім» дегеннің не екенін де түсінбейді. Тек әкелерін іздеп, жылай береді, жылай береді. Бес бірдей баланың көз жасы кімнің қабырғасын қайыстырмас?!", – дейді журналист.
Ерболат Айнабеков бұл іс билік пен бұқаралық ақпарат құралдарының арасы тек суып қана қоймай, араздасуға бет алғанын білдіретінін айтты.
"Бүгінгі бұл іс — билік пен бұқаралық ақпарат құралдарының арасы тек суып қана қоймай, араздасуға бет алғанын анық білдіреді. БАҚ пен биліктің арасындағы диалогтың орнын қысым мен үрей басқан жерде еркін ойға орын қалмайды. Төртінші билік пен атқарушы биліктің арасындағы алтын көпірдің бұзылуы — қоғам үшін трагедия. Бүгінгі оқылған үкім Арай Есенбекке ғана шығарылған үкім емес, бұл — ашық айтылатын ақиқатқа оқылған үкім деп қабылдадық. Ал мұндай текетірес пен сенімсіздіктің соңы ешқашан жақсылыққа апармайтыны тарихтан мәлім", – деп жазды Айнабеков.
Журналист әріптесінің жақын арада бала-шағасы мен ағайынның ортасына оралатынына сенім білдірді.
"Арай кебін киіп кеткен жоқ, ол тірі, демек әділдікке деген үміт те тірі! Темір тор адамның тәнін шектегенімен, оның ақиқатын тұншықтыра алмайды. Ол ертең-ақ еңсесін тіктеп, бала-шағасы мен ағайынның ортасына жарқылдап қайта оралады. Сол күні Арайды осы күйге түсіргендер мен "өзеннің арғы бетінде" тұрып әңгіме айтқандар қай бетімен алдынан шығар екен? Ер жігіттің басына күн туғанда тасада қалып, тас атқандардың ар-ұжданы сол кезде қалай сөйлер екен? Журналистің үнін өшірдік дегендер қатты қателеседі, өйткені нағыз шындық Арай оралғанда айтылады!", – деп жеткізді шымкенттік белгілі журналист Ерболат Айнабеков.
Соңғы жаңалықтар