8 наурыз қарсаңында қазақстандықтарға шұғыл ескерту жасалды
Қазақстанда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында интернет-алаяқтық деректері көбейіп жатыр. Бұл туралы Бас прокуратура азаматтарға арнайы ескерту жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ведомство мәліметінше, мереке алдында гүл мен сыйлықтарға тапсырыс көбейетінін пайдаланған алаяқтар түрлі айлаға барып, адамдардың жеке деректері мен банк шоттарына қол жеткізуге тырысады.Көбінесе олар азаматтарға қоңырау шалып немесе хабарлама жіберіп, «сізге гүл жеткізіледі» немесе «сыйлық рәсімделді» деген сылтаумен SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Алаяқтар бұл код «тапсырысты растау үшін қажет» деп сендіреді.Сонымен қатар кейбірі өзін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметінің өкілі немесе курьерлік компания қызметкері ретінде таныстырып, түрлі акция, бонус немесе ұтыс туралы айтып, телефонға келген растау кодын сұратады.
Бас прокуратура мұндай SMS-кодтар қаржылық операцияларды растауға арналған құпия ақпарат екенін ескертеді. Оны бөгде адамға беру банк шотынан ақша жоғалуына, несие рәсімделуіне немесе мобильді банкке заңсыз кіруге әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ мереке қарсаңында әлеуметтік желілерде гүлдер мен сыйлықтарды өте арзан бағамен ұсынатын жалған парақшалар да көбейеді. Олар алдын ала төлем алып, кейін із-түзсіз жоғалып кетеді.
Осыған байланысты азаматтарға тек сенімді сатушылардан тапсырыс беру, күмәнді сілтемелерге өтпеу және SMS-кодтар мен банк деректерін ешкімге бермеу ұсынылады. Күмәнді жағдай туындаса, банкке ресми нөмір арқылы хабарласу немесе құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Последние новости