Арман Қырықбаев жаңа Ата заңның негізгі авторы кім екенін айтты (ВИДЕО)

05.03.2026 17:48 Әсел Мұрат
Арман Қырықбаев жаңа Ата заңның негізгі авторы кім екенін айтты (ВИДЕО)
378
Фото: ашық дереккөз

Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев жаңа Конституция жобасының негізгі авторы кім екенін айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қырықбаевтың айтуынша, жаңа Конституция мәтінінде көрініс тапқан көптеген қағидалар бұған дейін бірнеше рет президенттің өз тарапынан айтылған.

«Заң мен тәртіп қағидасы – кез келген мемлекеттің өмір сүруінің негізгі іргетасы. Президент бұл туралы бұрыннан айтып келеді. Оның үстіне, бұл идея кейбір Батыс елдерінде белгілі бір мейнстримге айналғанға дейін-ақ Мемлекет басшысы тарапынан көтерілген болатын», – деді ол.

Қырықбаев жаңа Конституция жобасында Президенттің басқа да бастамалары көрініс тапқанын атап өтті. Олардың қатарында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы және Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы бар.

«Бұл – қоршаған ортаға ұқыпты қарау, сондай-ақ жасампаз әрі жауапты патриотизм идеясы. Преамбулада Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы да ерекше атап өтілген. Президент ұсынған осы барлық қағидалар мен идеялар жаңа Конституция мәтінінде көрініс тапты», – деді президент көмекшісі.

Қырықбаев жаңа Конституция мәтінінің стилі мен құрылымына да назар аударды. Оның айтуынша, құжат мазмұндау тәсілі жағынан бұрынғы редакциядан айтарлықтай ерекшеленеді.

«Жаңа Конституция мәтінін мұқият оқысаңыз, тілдік және стилистикалық тұрғыдан оның бұрынғы нұсқадан едәуір өзгеше екенін байқауға болады. Мәтін анағұрлым түсінікті әрі қолжетімді тілде жазылған. Президенттің мәтін мәселесіне өте мұқият қарайтынын және оның танылған қаламгер екенін бәрі біледі», – деді ол.

Жаңа Ата заң қалай әзірленді деген сұраққа жауап берген ол президенттің бұл жұмысқа тікелей қатысқанын жеткізді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Заң мен Тәртіп, Таза Қазақстан және Әділетті Қазақстан сияқты өміршең идеялар халықтың көкейінде жүрген дүниені дөп басып отыр.

Қырықбаев атап өткендей, бұл идеялардың барлығы жаңа Ата Заңда көрініс тапты. Сондықтан, Мемлекет басшысын жаңа Конституция жобасының негізгі авторы деп әбден айта аламыз.

«Сондықтан ұсынылған жаңа Конституция жобасының басты авторы Президент деп сенімді түрде айтуға болады», – деп сөзін түйіндеді Қырықбаев.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий