"Әдейі мазақ етесіңдер ме?": Меруерт Түсіпбаева ренішін жеткізді
Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында бірқатар телеарна басшыларына қатысты ренішін ашық білдірді, деп хабарлайды Politiсо.kz.
Өнер иесінің айтуынша, өзін «қара тізімге» қосқанын бұрыннан сезгенімен, бұл туралы жария етпей келген.
«"Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды" деп Қасым Аманжолов ағам жырлағандай мен осы қара тізім туралы баяғыдан бері сезіп жүрсем де, ешқандай мәлімет бермей жүр едім. Бірақ жанға бататыны бұлар мені шақырады. Астындағылары білмейді ғой деймін. Шақырады, түсіреді, қанша уақытымды алады, артынан ойбай жеме-жемге келгенде мені эфирден бермей қояды. Менің қанша уақытым кетеді, операторлардың қанша уақыты, мемлекеттің электроэнергиясы кетеді. Бұл өзі не болды? Қойыңдаршы, қалқам-ау! Зәру емеспін. Түсірмесеңдер, түсірмеңдер, шақырмасаңдар шақырмаңдар», – деді әнші.
Сонымен қатар ол телеарна басшыларына ашық үндеу жолдап, мұндай әрекетті доғаруға шақырды.
«Бірақ естеріңде болсын! Сендер орындарыңнан кеткенде сендерді ешкім есіне де алмайды. Ал мен ең болмағанда Баянауыл ауданының тарихында қаламын. Соны ұмытпаңдар! Ол кресло кір. Ойланыңдар, баста дәурен тұрмайды дейді. Кім болсаң да бір күні тақтан түсесің. Ол мен ойлап тапқан аксиома емес. Сол үшін ең бастысы адам болып қалайық. Халқым аман болсын, қолдайтын! Қанша уақытымды алып, қанша оператордың уақытын алып, өкіметтің электроэнергиясын алып неге мені шақырасыңдар эфирге?! Духтарың жетпесе, эфирден беруге шақырмаңдар!! Ерігіп отырған кім?! Вы специально издеваетесь?! Ашық айта алмай, артымнан қанжар сұқпай, шығыңдар!! Сендерді халық білмесе де – мен білем!!» – деп жазды Меруерт Түсіпбаева.
Желі қолданушылары әншіні қолдап, түрлі пікір қалдыруда.
Соңғы жаңалықтар