"Әкеміз бізді аямай ұрып, анамызға күн көрсетпейді": Ақтөбеде бес қыздың тағдыры елді шулатты

Ақтөбе қаласында Есболовтар отбасының бес қызы өз аналары Жұлдыз Тлеуфтіні қорғауды сұрап, көмекке жүгінді.
Қазір қыздар жалдамалы пәтерде тұрып жатыр, ал аналары психиатриялық орталыққа жабылған.
Журналист Гүлмира Әбіқайдың мәліметінше, балалардың анасы емханаға мәжбүрлі түрде жатқызылып, ал ішімдікке салынған әкесімен балаларды қайта қауыштырған.
Әбіқайдың айтуынша, үлкен қыз Құралай өз жазбасында әкесінің бала күнінен оларды ұрып-соғып, анасына қол көтеріп келгенін жазған.
«Әкеміз деп айтқанымызбен өмірі қамқорлығын көрмедік, жылы сөзін естімедік. Кішкентай кезден тек анамызды, бізді ұрғаны ғана есте қалды. Ол ішкенде басқа адам болып кететін (бәлкім шегетін шығар). Бесеуміз тез үйді босатып, ақ қар көк мұзда далада қаңғып жүретінбіз», — дейді Құралай.
Қазір 18 жасқа толған Құралай анасының жағдайы толық анықталғанша төрт сіңлісін өз қамқорлығына алғысы келеді. Алайда қыздардың биологиялық әкесі бұған қарсы шығып отыр.
Журналист бұл жағдайға қатысты жергілікті билік пен бала құқығын қорғау органдарының әрекетсіздігін сынға алды:
«Құралай 18-ге толған, анасының диагнозы біржақты болғанша төрт сіңлісін асырап алайын десе, олардың биологиялық әкесі кедергі. Қоғам тұрмақ балаға пайдасы жоқ мұндай адамды енді бес қызбен жақындастыруға неге тырысады? Ақтөбенің органдары бала құқын қорғауға неге тым құлықсыз?» — деп жазды Гүлмира Әбіқай.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары балалардың анасына және үлкен қызға қолдау білдіруде.
Соңғы жаңалықтар





