Қазақстан Орталық Азиядағы әуе тасымалы нарығында көш бастап тұр

Қазақстан Орталық Азиядағы әуе тасымалы нарығында көш бастап тұр
Ашық дереккөз

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жолаушылар әуе тасымалының көлемі бойынша көш бастап тұр, деп хабарлайды Politico.kz сайты “POVestka”-ға  сілтемемен.

Еуразиялық даму банкінің (ЕДБ) талдауына сәйкес, 2025 жылы өңірдегі әуе жолаушыларының 48,7 пайызы Қазақстанға тиесілі болған.

Өткен жылы Орталық Азияның бес еліндегі әуе компаниялары жалпы 31,7 миллион жолаушы тасымалдаған. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен екі есеге жуық жоғары. Ал елдер арасындағы үлесті салыстырғанда, Өзбекстан 35 пайызды, Түрікменстан 7 пайызды, Қырғызстан 5,6 пайызды, Тәжікстан 3,7 пайызды құраған.

Сарапшылардың пікірінше, әуе тасымалы нарығының өсуіне халықтың ұшақпен қатынау мүмкіндігінің артуы және төмен бағамен қызмет көрсететін әуе компанияларының нарыққа шығуы әсер еткен. Соңғы он жылда Қазақстанда бір тұрғынға шаққандағы жолаушы-километр көрсеткіші 2,4 есе өскен.

Сонымен қатар өңірде жүк әуе тасымалы да қарқынды дамып келеді. 2023–2025 жылдары оның көлемі төрт еседен астам артып, 335,7 мың тоннаға жеткен. Ал 2015–2025 жылдар аралығында Орталық Азия елдерінің әуе флотының қолжетімді тасымалдау мүмкіндігі жылына орта есеппен 7,7 пайызға ұлғайған. Бұл әлемдік нарықтағы өсім қарқынынан шамамен үш есе жоғары.

Әуе қатынасын дамытуға инвестиция тарту да жалғасып жатыр. ЕДБ мәліметінше, Орталық Азияның авиация саласына салынған тікелей шетелдік инвестициялардың жинақталған көлемі 1,4 миллиард долларға жеткен. 2035 жылға дейін өңірде жалпы құны 5,1 миллиард доллар болатын әуежай инфрақұрылымын дамытуға арналған 12 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Қазақстанда да әуежайлардың өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш жылда жеке инвестициялар есебінен Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар іске қосылған. Соның нәтижесінде олардың жиынтық өткізу қабілеті 6,5 есе өсіп, жылына 23 миллион жолаушыға дейін жеткен.

Бұдан бөлек, 2026 жылдың соңына дейін Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында үш жаңа әуежайдың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Елде бірқатар ұшу-қону жолақтары мен аэродром кешендері жаңартылып, әуе бағыттарының желісі кеңейтілген және қосымша рейстер ашылған.

Осылайша, Қазақстан Орталық Азиядағы жолаушылар әуе тасымалы нарығындағы жетекші орнын сақтап отыр. Әуежай инфрақұрылымын жаңғырту мен жаңа бағыттарды дамыту елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және өңірлер арасындағы көлік байланысын жақсартуға бағытталған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу