«Әкімнің ұлы жүргізген көлік апатқа түсіп, студент мүгедек болып қалды»: Арыс басшысы не дейді?

15.07.2026 10:45 Әсел МҰРАТ
«Әкімнің ұлы жүргізген көлік апатқа түсіп, студент мүгедек болып қалды»: Арыс басшысы не дейді?
192
Фото: Newtimes.kz

Биыл 29 мамырда Астана-Павлодар тасжолында болған жол апаты салдарынан 20 жастағы жігіт екі аяғынан айырылған. Сессиясын жауып, үйіне қайтып келе жатқанда жол апатынан зардап шеккен студент бүгінде өмірі үшін күресіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz

КТК телеарнасының мәліметінше, көлік тізгінінде Арыс қаласы әкімінің баласы болған. Аталған жайтқа қала әкімі пікір білдірді.

Телеарна дерегінше, жол апатынан қос аяғынан айырылған 20 жастағы студент Талғат Емел отырған "таксиді" Арыс қаласы әкімінің ұлы тізгіндеген. Сессиясын аяқтап, ата-анасына алаңсыз таксимен қайтып келе жатқан студент көлік апатынан ауыр соққы алып, дәрігерлер оның екі аяғын бірдей шап тұсына дейін кесуге мәжбүр болған. Клиникалық өлімді де бастан өткерген Талғаттың жақындары, оның өмірі үшін күрес әлі де жалғасып жатқанын айтады. 

«Қазіргі жағдайы ауыр. Ем-шара алғаннан кейін де, көптеген ота жасалғаннан кейін де, оған қоса аяғынан айырылғаннан кейін де, жағдайы нашар. Дәрігерлер бізге айтты: «қатты сепсис болып жатыр, сондықтан аяғын үш-төрт рет ашып, қайта тазалап, өзінің қаны болмағандықтан, адамда жақсы иммунитет болмайды» дейді жәбірленушінің әпкесі Гүлсім Абайілдинова. 

Екі қаланың арасында жолаушы тасымалдаған 22 жастағы жүргізушінің Арыс қаласы әкімінің ұлы екені белгілі болды. Осыған байланысты енді жәбірленуші тарап істің әділ әрі ашық тергелетініне күмәнданып отыр. 

«Туыстары, әкім өзі мемлекеттік жұмыста істегендіктен, әрбір жерде таныстары болады. Сондықтан тергеуге, сотқа болсын, қысым көрсете ме, өздерінің таныстарын қоса ма деп қорқамын», - дейді жәбірленушінің әпкесі Гүлсім Абайілдинова.

Ал жүргізушінің әкесі өзінің қызмет мәртебесі тергеуге әсер етеді деген пікірмен келіспейді. Ол ұлы кәмелетке толған азамат болғандықтан, өз әрекеті үшін жеке жауапкершілік арқалайтынын мәлімдеді.

«Мен ешқашан қызмет өкілетімді жеке мүддем үшін пайдаланған емеспін және пайдаланбаймын. Осы іс бойынша тергеуге немесе қабылданатын процессуалдық шешімге қандай да бір ықпал етуге әрекет жасамағанымды және мұндай әрекетке бармайтынымды жауапкершілікпен мәлімдеймін. Заң алдында барлығы тең», - деді Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев. 

Жантүршігерлік жол апатына қатысты күдікті ретінде такси жүргізушісі ұсталды. Қазір іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында. 

Ал Талғаттың емі жалғасып жатыр. Жол апатына қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ. Іс адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы қағидаларын бұзу бабы бойынша қаралуда. Егер ол дәлелденсе, жүргізуші екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Войдите, чтобы оставить комментарий