Алаяқтарға бар жиған-тергенін беріп қойған қарияның жүрегі шыдамай қалды
Алматыда алаяқтардың құрығына түсіп 4 миллион теңгесінен айырылған зейнеткер оқиғадан кейін көшеде есінен танып қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның немересі әлеуметтік желіде оқиғаның мән-жайын айтып, көпшіліктен қолдау сұрады. Оның сөзінше, 21 наурыз күні таңертең базарға кеткен атасы түске дейін оралуға уәде бергенімен, үйге келмеген. Зейнеткер желіде отырғанымен, жақындарының қоңырауына жауап бермегендіктен, туыстары оған басқа нөмірден хабарласуға мәжбүр болған.
Тұтқаны алдымен бейтаныс ер адам көтеріп, телефонды Александр Васильевичке берген. Ол өзінің көлікте келе жатқанын және үйге барған соң бәрін түсіндіретінін айтқан. Алайда үнемі қоғамдық көлікпен жүретін атасының жанынан бөтен адамдардың дауысы естілгендіктен, туыстары оған біреулер қысым көрсетіп жатыр деп күдіктенген.
Күндізгі сағат төрттен аса зейнеткермен соңғы рет телефон арқылы сөйлескен кезде ол аялдамаға қарай бара жатқанын және алаяқтарға алданғанын айтып үлгеріп, сол күйі көшеде есінен танып құлаған. Өтіп бара жатқан адамдар жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Қаралы оқиғадан кейін марқұмның жеке заттарын жинаған жақындары банк түбіртектерін тауып алған. Белгілі болғандай, қария банк бөлімшесінен 4 миллион теңге шешіп, бір сағаттың ішінде барлық қаражатты басқа есепшоттарға аударып жіберген.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, қазіргі уақытта қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау және іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Соңғы жаңалықтар