Әлем үшінші дүниежүзілік соғысқа ұйқылы-ояу бет алып бара ма? Financial Times талдауы
Әлем үшінші дүниежүзілік соғысқа өзі де байқамай жақындап бара жатқан жоқ па? Бірнеше құрлықта қатар өршіген қақтығыстар, ірі державалардың бір-біріне қоқан-лоқы көрсетуі және халықаралық қауіпсіздікке деген сенімнің әлсіреуі осы сұрақты күн тәртібіне шығарды. The Financial Times басылымының шолушысы Гидеон Рахман әлемдегі жағдайды талдап, жаңа жаһандық соғыстың қаупі неден туындап отырғанын түсіндіруге тырысты.
Журналистің назарын аударған оқиғалар аз емес. Ресейдің Украинаға жасаған соққыларынан 100-ден астам бейбіт тұрғын қаза тапқан. Польша Ресейдің Еуропалық одақ аумағындағы шабуылдары адам өліміне әкелуі мүмкін екенін ескерткен. Зымыран соққыларынан Эр-Рияд әуежайының жұмысы тоқтап қалған. Ал Қытай өз жағалауында жауынгерлік оқ ату жаттығуларын бастаған.
Рахманның жазуынша, мұның бәрі бір аптаның ішінде болған оқиғалар. Әрқайсысы әлемнің әр түкпірінде өткенімен, барлығы халықаралық қауіпсіздіктің қаншалықты әлсірегенін көрсетеді.
Бұрын соғыс өздерінен алыс деп есептеген Батыс Еуропа, Шығыс Азия және Парсы шығанағы елдері енді қарулы қақтығыс қаупімен бетпе-бет келіп отыр.
Соғыстың болмайтынына сенгендер де болған
Гидеон Рахман өзінің әлемге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен сәтті әлі ұмытпағанын жазады.
Бұл 2022 жылғы 20 ақпанда аяқталған Мюнхен қауіпсіздік конференциясы еді. Сол кезде АҚШ пен Ұлыбританияның барлау қызметтері Ресей әскері Киевке басып кіруге дайындалып жатқанын ашық ескерткен.
Мюнхендегі қонақүйлердің бірінде өткен кешкі ас кезінде Австралия барлауының басшысы Эндрю Ширер АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен Ресейдің басып кіру жоспарын талқылағанын айтып берген.
«XXI ғасырда осындай әңгіме айтып отырғанымызға сенер емеспін», – деген екен ол.
Рахманның айтуынша, сол кезде жұрт екіұдай күй кешкен. Бір жағынан, Ресейдің Украинаға басып кіретіні туралы барлау мәліметтері нақты болған. Екінші жағынан, қазіргі Еуропада мұндай ауқымды соғыс басталатынына сену қиын еді.
Мюнхенге жиналған кейбір украиналықтар мен еуропалықтар мұның бәрін Владимир Путиннің кезекті қоқан-лоқысы деп қабылдаған. Енді біреулері барлау қызметтері қателескен шығар деп үміттенген.
Осы жағдайды еске алған журналист Лев Троцкийге телінетін бір сөзді келтіреді: «Сіз соғысқа қызықпауыңыз мүмкін, бірақ соғыс сізге міндетті түрде қызығады».
Содан бері төрт жылдан астам уақыт өтті. Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы әлемдік саясатты түбегейлі өзгертті.
Трамп пен Зеленский үшін үшінші дүниежүзілік соғыстың қаупі екі түрлі
Қазір әлем басшыларының үшінші дүниежүзілік соғыс туралы ашық айтуы қалыпты жағдайға айналған.
Мәселен, 2025 жылғы ақпанда Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі көпшілік алдында болған текетіресі кезінде АҚШ президенті украиналық әріптесін үшінші дүниежүзілік соғыспен ойнады деп айыптаған.
Рахманның пайымдауынша, Трамп Батыстың Украинаға қолдау көрсетуі АҚШ-ты Ресеймен тікелей соғысқа араластырып жіберуі мүмкін деп қауіптенеді.
Ал Зеленскийдің ұстанымы мүлде басқа. Украина президенті Ресейдің басқыншылығын тоқтатпау әлдеқайда ауқымды соғысқа жол ашатынын бірнеше рет айтқан. Оның пікірінше, әлем Путинді тоқтата ма, әлде үшінші дүниежүзілік соғысқа жол бере ме, соны шешуі керек.
Ресейден төнетін қауіпке Батыс Еуропа елдері де алаңдап отыр.
Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Германия билігі елдің қорғаныс саясатында тарихи бетбұрыс болатынын жариялап, әскерді қайта қаруландыруға миллиардтаған қаржы бөлуге кіріскен. Бұл өзгеріс Германияда Zeitenwende, яғни тарихи бетбұрыс деген атау алды.
Ал НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте 2025 жылы Еуропа басшыларын Ресей қаупіне дайын болуға шақырған.
«Ресейдің келесі нысанасы біз боламыз», – деп ескерткен ол Еуропа ата-бабалары бастан өткерген ауқымды соғысқа дайын болуы керектігін айтқан.
Украинадағы соғыс әлдеқашан халықаралық сипат алды ма?
Рахманның жазуынша, Украинадағы соғысқа өзге мемлекеттердің араласуы жаһандық қақтығыс қаупін бұрынғыдан да күшейткен.
Солтүстік Корея әскерлері майданға келген кезде Зеленский мұны дүниежүзілік соғысқа бастайтын алғашқы қадам деп атаған.
АҚШ пен Иран арасындағы соғыс та Украинадағы қақтығыспен астасып жатыр. Ресей Иранға Таяу Шығыстағы америкалық әскери базаларға соққы жасауға көмектескен деген пікір кең тараған. Дегенмен мақалада бұл деректі түпкілікті растайтын дәлел келтірілмейді.
Ал Украина Парсы шығанағы мемлекеттеріне ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы күрестегі тәжірибесін ұсынған.
Батыстың қауіпсіздік саласындағы мамандары әсіресе Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Корея арасындағы байланыстың күшеюіне алаңдайды.
Бұл төрт елді АҚШ жетекшілік ететін халықаралық қауіпсіздік жүйесіне наразылық біріктіреді, деп есептейді Рахман.
Мәселен, Ресей НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне қарсы және альянстың ықпалын шектеуді көздейді.
Марк Рютте де Ресей мен Қытайдың бір мезгілде Еуропа мен Азияда үйлестірілген әскери шабуыл бастауы мүмкін екенін бірнеше рет сөз еткен.
Соғыс салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандардың саны да артып келеді.
Ресей мен Украина арасындағы кең ауқымды соғыс ұзақтығы жағынан Кеңес Одағының нацистік Германияға қарсы жүргізген соғысынан асып түсті.
Ұлыбритания үкіметінің бағалауынша, Ресей армиясының соғыста қаза тапқан және жараланған әскери қызметкерлерінің жалпы саны 1,5 миллионға жеткен.
Ал Халықаралық дағдарыс тобының (International Crisis Group) есебіне сүйенген Financial Times әлемде қазір 65 қарулы қақтығыс жүріп жатқанын жазады. Басылымның мәліметінше, мұндай көрсеткіш Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы болмаған.
Әлемді кімдер қауіпті жағдайға жеткізді?
Рахман қазіргі тұрақсыздықтың басты себептерінің бірі ретінде әлемдегі күштердің арақатынасы өзгергенін атайды.
АҚШ пен оның одақтастарының үстемдігіне қарсы шығуға ұмтылған мемлекеттер бұрынғыдан батыл әрекет ете бастаған.
Мұндай өзгеріс Ресейдің, Иранның және Қытайдың тәуекелі жоғары шешімдер қабылдауына ықпал еткен.
Журналист Ресейдің Украинаға басып кіруі аяқ астынан болмағанын еске салады. Бұған дейін Ресей 2008 жылы Грузияға қарсы соғыс жүргізді, 2014 жылы Қырымды аннексиялады, ал 2015 жылы Сириядағы әскери қимылдарға араласты.
Сонымен бірге мақала авторы әлемдегі тұрақсыздықтың күшеюін ықпалды елдер басшыларының саяси ұстанымымен де байланыстырады.
Ол Владимир Путин, Си Цзиньпин, Дональд Трамп және Биньямин Нетаньяхуды өз мемлекеттерінің тарихи тағдырын өзгертуге ұмтылатын ұлтшыл көшбасшылар ретінде сипаттайды.
Рахман Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров туралы тараған бір әңгімені де мысалға келтіреді. Путин Украинаға қарсы соғыс бастар алдында кіммен ақылдасты деген сұраққа Лавров «Иван Грозный, І Петр және ІІ Екатерина» деп жауап берген көрінеді.
Шолушының пікірінше, мұндай саясаткерлердің көзқарасында халықаралық ережелерден гөрі күшке сүйену басым.
Осы тұста ол Трамп әкімшілігі басшысының орынбасары Стивен Миллердің сөзін келтіреді. Миллер халықаралық қатынастардағы түрлі келісімдер туралы қанша айтылғанымен, шынайы әлемді күш, зорлық және билік басқаратынын мәлімдеген.
Үлкен елдер әлемді өзара бөлісіп алса, соғыс тоқтай ма?
Мақалада тағы бір маңызды мәселеге назар аударылады.
Бұл – ірі державалардың өздеріне жақын аймақтарды ықпалында ұстау құқығы бар деген түсінік.
Осы көзқарасқа сүйенсек, АҚШ, Ресей және Қытай секілді державалар өз маңындағы елдерге үстемдік жүргізе алады. Ал шағын мемлекеттер сол жағдайға көнуге тиіс.
Мәселен, Украина Ресейдің, Тайвань Қытайдың ықпалын мойындауы керек деген қисын алға шығады. Мұндай түсінік Канада мен Кубаның жағдайына да қатысты қолданылуы мүмкін.
Бұл теорияны жақтайтындардың ойынша, ірі державалар бір-бірінің ықпал аймақтарына араласпаса, әлемде бейбітшілік сақталады.
Бірақ Рахман мұндай тәртіптің ұзаққа бармайтынын айтады.
Өйткені ол шағын мемлекеттердің өз таңдауын жасау құқығын ескермейді.
Мәселен, Канада АҚШ президентінің айтқанына сөзсіз бағынуы керек пе? Демократиялық Тайвань бір партия билейтін Қытайдың талабын қабылдауға міндетті ме?
Украинадағы соғыс та шағын мемлекеттердің қарсы тұрып, ірі державалардың жоспарын өзгерте алатынын көрсетті, дейді журналист.
Оның үстіне әлемді ықпал аймақтарына бөліп алу ірі державалардың өзіне де тұрақты бейбітшілік әкелмейді.
Мәселен, Еуропалық одақ Польша мен Румыния сияқты мүше мемлекеттердің қайтадан Мәскеудің ықпал аймағына өтуіне ешқашан келіспейді.
АҚШ одақтастарын қорғаудан бас тартса не болады?
The Financial Times шолушысы әлемдегі бейбітшілікті сақтаудың тағы бір жолына тоқталады. Бұл – қарсыласты әскери күшпен тежеу.
1940-жылдардың соңынан бастап, әсіресе НАТО құрылғаннан кейін, АҚШ пен оның одақтастары осы ұстанымға сүйеніп келеді.
Мәні қарапайым: егер қандай да бір мемлекет өз аумағын соғыс арқылы кеңейтпек болса, оған қарсы біріккен әрі қатаң жауап берілетінін алдын ала білуі керек.
Рахманның бағалауынша, ядролық соғыс қаупіне негізделген мұндай тежеу тәсілі негізінен нәтиже берген.
Қырғи-қабақ соғыс жылдарында АҚШ пен Кеңес Одағы бірнеше рет тікелей қақтығыстың шегіне жеткенімен, соғыс басталмаған. Соның ең қауіпті мысалдарының бірі – 1962 жылғы Куба зымыран дағдарысы.
Алайда қазір бұл жүйенің беріктігіне күмән көбейді.
Рахманның пікірінше, Трамп АҚШ-тың одақтастары алдындағы қауіпсіздік міндеттемелерінен бас тарту идеясын қолдайды. Ол бұған дейін америкалық қорғанысқа арқа сүйейтін елдерді бірнеше рет масыл және қорқақ деп атаған.
Осыдан маңызды сұрақ туындайды: егер Ресей Балтық елдеріне немесе Польшаға шабуыл жасаса, АҚШ оларды қорғай ма?
Ал Жапония немесе Ұлыбританияға қауіп төнсе ше?
Журналистің айтуынша, бұл сұрақтарға бұрынғыдай сенімді жауап беру қиын.
Үшінші дүниежүзілік соғысқа бастайтын ең үлкен қауіп
Рахманның пайымдауынша, үшінші дүниежүзілік соғыстың ең үлкен қаупі ірі державалардың соғысқысы келуінде ғана емес. Қауіп олардың қарсыласы қалай әрекет ететінін нақты білмеуінде жатыр.
Мәселен, Қытай басшысы Си Цзиньпин АҚШ-тың Тайваньмен қатынастар туралы заңын қаншалықты маңызды деп санайтынын бағалауы керек. Бұл заң Вашингтонның Тайваньға күш қолдануға қарсы тұру жөніндегі ұстанымын бекітеді, бірақ АҚШ-ты автоматты түрде соғысқа қатысуға міндеттемейді.
Ал Путиннің алдында НАТО жарғысының бесінші бабының қаншалықты берік екеніне қатысты мәселе тұр.
Бұл бап бойынша альянсқа мүше 32 мемлекеттің біріне қарулы шабуыл жасалса, ол барлығына жасалған шабуыл деп есептеледі. Одақтастар зардап шеккен елге көмек көрсетуге міндетті.
Алайда Ресей басшылығы бұл міндеттемені шын мәнінде орындалатын кепілдік деп қабылдай ма, әлде қағаз жүзіндегі уәде ғана деп санай ма?
The Financial Times шолушысының түйіндеуінше, әлемдегі бейбітшіліктің болашағы осы сұрақтарға берілетін жауапқа байланысты болуы мүмкін.
Өйткені қарсы тараптың қандай қадам жасайтынын қате бағалау үлкен соғыстың басталуына себеп болуы ықтимал.
Соңғы жаңалықтар