Әлемдік компаниялар Қазақстанда ауылшаруашылық техникалар шығарады
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Еуропа, Канада және АҚШ-тың ірі ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші компанияларымен кездесіп, Қазақстанда жаңа зауыттар ашу жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды Politico.kz.
Егістік алқабы 24 млн гектарды құрап әлемде алтыншы орында тұрған елімізде былтыр ауыл шаруашылығы өнімі 9 трлн теңгеден асып, 26 млн тонна астық пен 5 млн тонна майлы дақыл жиналды. Осы орайда премьер-министр өндіріс көлемінің өсуі шаруаларды жаңа техникамен жабдықтауды талап ететінін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласының технологиялық әлеуетін дамыту мен оны арттыру мәселесіне айрықша мән береді. Өндіріс көлемінің өсуі, өнімділіктің артуы және экспорттық жеткізілімдердің кеңеюі шаруаларды техникалық жабдықтауға қойылатын талаптарды күшейтуде. Сондықтан техниканы жаңарту, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету, отандық өндірушілерді ынталандыру саланың әрі қарай дамуының негізгі шарттары ретінде қарастырылады. Қазақстанның жетекші шетелдік өндірушілермен серіктестігі тұрақты әрі өзара тиімді сипатқа ие және ұзақмерзімді кооперацияға бағдарланған. Үкімет жобаларды локализациялаудан бастап сыртқы нарықтарға шығуға дейінгі барлық кезеңде қолдау арқылы жаңа өндірістер құру үшін қолайлы жағдай жасауға дайын», - деді Олжас Бектенов.
Қазіргі таңда қазақ даласында 130 мыңнан астам трактор мен 30 мың комбайн жұмыс істеп тұрғанымен техниканы жаңарту деңгейі небәрі 6,5 пайызды құрайды. Осы көрсеткішті жыл сайын 10 пайызға жеткізу үшін үкімет техника сатып алу шығынының 30 пайызын өтеп, отандық өнімдерге 5 пайыздық жеңілдетілген несие беруді қолға алған. Мұндай қолдаудың арқасында соңғы екі жылда жергілікті техника саудасы 35 пайызға өсіп, ішкі нарықтағы отандық өнім үлесі 90 пайызға жеткен әрі елімізде жылына 8 мың трактор мен 1,2 мың комбайн шығаратын 8 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Жиын барысында халықаралық серіктестер Қазақстан нарығындағы жұмысын кеңейтіп, технологиялармен бөлісуге дайын екендерін білдірді.

«Біз Қазақстанның ұзақмерзімді ынтымақтастыққа ашықтығын және инвесторлар үшін жасалып жатқан жағдайды жоғары бағалаймыз. Былтырғы қарашада қол қойылған Қостанайдағы өндірісті локализациялау жөніндегі стратегиялық келісім серіктестігіміздегі маңызды қадам болды. Біздің компания алдағы жылдары 3 мыңға жуық техника шығаруды жоспарлап отыр. John Deere Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық әріптес ретінде қарастырады. Біз өндірісті одан әрі локализациялауға, өнімділікті арттыруға дайынбыз. Цифрландыру мен ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға назар аудара отырып, заманауи техника шығаруды жоспарлап отырмыз», - деп мәлімдеді John Deere компаниясының ТМД елдері бойынша вице-президенті Петер Заксе.

«Президент пен Үкіметтің дәйекті өнеркәсіптік саясаты сенімге берік негіз қалап отыр. Алдымен елімізге нарық көшбасшысы John Deere келді, мұндай жетістік өзгелерге күшті сигнал болды: бүгін біз басқа да жаһандық ойыншылардың келіп жатқанын көріп отырмыз. Біз жаңа технологияларды қабылдап, озық стандарттарды енгізуге, техникалық мамандарымыздың біліктілігін арттырып, фермерлерді қазақстандық өндірістің жоғары технологиялық машиналарымен қамтамасыз етуге дайынбыз», - деді «АгромашХолдинг KZ» АҚ президенті Динара Шүкіжанова.

«Жаңа тетіктердің арқасында ауыл шаруашылығы саласының түбегейлі жаңа деңгейіне қол жеткізілді. Қалыптасқан инвестициялық және институционалдық ахуал Қазақстанды ұзақмерзімді негізде технологиялар трансферті, жобаларды локализациялау және дамыту контекстінде шетелдік инвестициялар үшін тартымды алаңға айналдырады. Сонымен қатар адами капиталдың маңыздылығын атап өткім келеді. Біз оқыту және одан әрі жұмысқа орналастыру мақсатында жаңа бағдарламаны іске қостық», - деп атап өтті Eurasia Group AG бас операциялық директоры Сергей Глокке.

«Біздің компания Қазақстанның тұрақты серіктесі болуды және елдің ауыл шаруашылығын дамытуға қатысуды жоспарлап отыр. Өзара іс-қимылымыздың әлеуетін дамыту қазақстандық шаруалардың қажеттіліктеріне бағдарланған жаңа өнімдер шығаруға мүмкіндік береді», - деп хабарлады Väderstad Group компаниясының өкілі Кристина Старк.
Кездесу қорытындысы бойынша Қостанайдағы орталықта Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды көздейтін көпжақты келісімдерге қол қойылды. Отандық «АгромашХолдинг KZ» және «Eurasia Group AG» кәсіпорындары мен Väderstad Group, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Frans Vervaet B.V., Kuhn Group және Brandt сияқты әлемдік өндірушілер арасында жасалған бұл құжаттар саланы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Соңғы жаңалықтар