Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: жалған айғақ бергендерге жаңа іс қозғалды

05.06.2026 11:51 Әсел МҰРАТ
Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: жалған айғақ бергендерге жаңа іс қозғалды
179
Фото: ашық дереккөз

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан қыздардың бірінің отбасының мүддесін қорғаған заңгер Мейірман Шекеев сотталушыны жауапкершіліктен арашалап «қорғап» қалуға тырысқан куәгерлерге қарсы жаңа қылмыстық іс қозғалғанын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Қылмыстық іс Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Еркін Майшиновтың төрағалығымен қаралып жатыр. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін жариялап, ресми сараптамалардың қорытындыларымен таныстырған болатын.

Іс материалдарына сәйкес, сотталушы көлік тізгініне жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде (1,30 промилле) отырған. Сараптама қорытындысы бойынша, оның Zeekr автокөлігінің соқтығыс алдындағы жылдамдығы сағатына 219 шақырымға жеткен.

Куәгерлерге қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалды

Мейірман Шекеев сот кулуарында түсіндіргендей, тергеу қайғылы оқиға алдында сотталушымен бірге болған адамдарға қатысты материалдарды жеке өндіріске бөліп шығарған.

«Қылмыстық кодекстің 420-бабының 1-бөлігі бойынша (Сотта не сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында куәнің көрінеу жалған айғақ беруі) жалған айғақ бергені үшін сотталушымен бірге болған төрт азаматқа қатысты қылмыстық іс тіркелді. Әңгіме оның алкоголь ішкен кездегі қасында болған адамдар туралы болып отыр», – деді заңгер.

Оның сөзінше, аталған азаматтар тергеу органдарын жаңылыстыруға тырысып, күдіктінің алкогольдік ішімдік тұтынғанын жоққа шығарған.

«Бастапқыда бұл төрт адам да күдікті А.П.-ның мүлде ішімдік ішпегенін айтты. Алайда кейін медициналық сараптама нәтижелері келіп, басқа да дәлелдер, соның ішінде төленген шот анықталды. Осыдан соң тергеуші аталған эпизодты жеке өндіріске бөліп, материалдарды қосымша тергеуге жолдады», – деді Шекеев.

Қылмыстық кодекстің 420-бабының 1-бөлігінде («Сотта не сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында куәнің көрінеу жалған айғақ беруі») алты жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Айта кетейік, Мейірман Шекеев қазіргі уақытта қаза тапқан 22 жастағы қыздың отбасының мүддесін қорғамайды. 1 маусымда марқұмның анасы сотта сотталушыны кешіргенін айтып, өзінің заңды өкілдерінің қызметінен бас тартқан. Сондай-ақ ол және 29 жастағы Mercedes жүргізушісінің туыстары соттан сотталушыға шартты жаза тағайындауды сұраған.

Прокуратура не дейді?

Алматы қаласының прокуратурасы Әл-Фараби даңғылындағы жол-көлік оқиғасын тергеу аясында көрінеу жалған айғақ беру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 420-бабының 1-бөлігі бойынша көрінеу жалған айғақ беру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық қудалау органы қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылдайды», – делінген Tengrinews.kz сауалына берілген жауапта.

Тергеу құпиясына байланысты прокуратура іс бойынша өзге мәліметтерді жариялаудан бас тартты.

Еске салайық, көктемде кәсіпкер Александр Пак тізгіндеген Zeekr көлігі жоғары жылдамдықпен Mercedes-Benz автокөлігіне соғылып, салдарынан 3 адам ажал құшқан еді. Бұл оқиғадан кейін тергеуге қатысты негізсіз ақпарат таратқан Әділетхан Молдаханның үстінен қылмыстық іс қозғалып, заңгер наурыз айында қамауға алынды. Өткен сот отырысында ол өзіне тағылған айыппен толық келісетінін мәлімдеген болатын.

Ал адам өліміне әкеп соққан апатқа кінәлі Пак те сотта өз айыбын мойындап, жазасын өтеуге дайын екенін және жәбірленушілердің отбасына көмек көрсететінін жеткізді. Қазіргі таңда қайтыс болған екі адамның жақындары оны толықтай кешіріп, соттан айыпталушыға бас бостандығынан айырмайтын шартты жаза тағайындауды сұрап отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий