Әл-Фарабидегі 3 адамның өліміне қатысты сотта куәгерлерден жаңа деректер белгілі болды

08.06.2026 17:42 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Әл-Фарабидегі 3 адамның өліміне қатысты сотта куәгерлерден жаңа деректер белгілі болды
219
Фото: Бейнеден алынған скрин

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол апатына қатысты сот отырысында куәгерлер жауап беріп, іске қатысты жаңа деректермен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Kazinform мәліметінше, сот залында сөз алған куәгер Әйгерім Әбдірайымова дәмханаға кешкі 21:30–22:00 шамасында құрбысының шақыруымен барғанын айтты. Ол өзіне апероль коктейлін, ал құрбысына шарап тапсырыс берген. Бойжеткен әңгіме ұнамаған соң 1,5 сағаттан кейін таксимен кетіп қалғанын және айыпталушы Александр Пактың ішімдік ішкенін көрмегенін жеткізді. Жағдайды тек таңертең естіген.

Тағы бір куәгер Оразғали Омар дәмханаға түнгі 01:30-да келіп, үстелде 6 адам болғанын хабарлады. Олар түнгі 3-ке дейін отырып, Әл-Фарабиге қарай бет алған. Омар өз жүргізушісіне қосарланған тұтас сызықтан өтуді өтінгенін мойындап, мұны жастықпен түсіндірді, кейін сол жүргізуші 6 айға куәлігінен айырылған. Оның айтуынша, алдағы BMW мен Camry де ереже бұзған, бірақ ол Пактың көлігін де, апат сәтін де көрмеген.

«Ол жерде үлкен үстел болды. Оларды бақылап отырудың еш мәні болмады, өйткені ешқайсысын танымайтын едім», — деді Оразғали Омар.

Куәгер Назыгүм Шамахунованы дәмханаға танысы Zeekr көлігімен алып келген. Бойжеткен бір бокал ақ шарап ішіп, өзгелердің ішімдік ішкенін байқамаған.

«Даяшы жиі келіп-кетіп жүрді… Мен құрбыммен сөйлесіп отырғандықтан, назар аудармадым», — деді Назыгүм Шамахунова.

Отырыстан соң Пак тұрақтан бірінші болып шығып кеткен. Олар Достық даңғылымен Әл-Фарабиге бұрылғанда апатты көрген.

«Мен мұны көрдім. Өте қорқынышты көрініс еді, зәрем ұшты», — деді Назыгүм Шамахунова.

Қатты соққыдан Zeekr тым алысқа ұшып кеткендіктен, ол бұл көліктің Пакқа тиесілі екенін бірден түсінбеген.

Бұған дейін сотта куәгер Адам Мархиевтен жауап алынған болатын. Бүгінгі отырыста Zeekr және Mercedes көліктерінің соқтығысу сәті таспаланған бейнежазба көрсетіліп, 3-ші жәбірленуші де Пакті кешірді, ал өткен жолы тағы 2 адам кешірім берген еді.

Еске салсақ, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr жүргізушісі Әл-Фараби даңғылында қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes жүргізушісі мен 2 жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Войдите, чтобы оставить комментарий