Әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан үшінші адамның да отбасы Александр Пакты кешірді

08.06.2026 11:56 Әсел МҰРАТ
Әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан үшінші адамның да отбасы Александр Пакты кешірді
220
Фото: ашық дереккөз

Әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан қаза тапқан үшінші марқұмның да отбасы айыпталушыны кешірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Алматы қаласында үш адамның өмірін қиған Әл-Фараби даңғылындағы қайғылы жол-көлік оқиғасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр

8 маусым күні өткен сот отырысында қаза тапқан қыздардың бірінің анасы сотталушыға қатысты ешқандай талабы жоқ екенін айтты.

Оның айтуынша, жүргізуші өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне шынайы өкініш білдірген, марқұмдардың жақындарынан кешірім сұраған және келтірілген материалдық әрі моральдық шығынды толық өтеген.

«Ол кінәсін мойындады, өкініш білдірді, кешірім сұрады және барлық шығынды өтеді. Сондықтан біз онымен татуласу туралы шешім қабылдадық», – деді марқұмның анасы.

Осыған байланысты отбасы соттан істі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қарауды сұрады.

Бұған дейін апаттан қаза тапқан тағы екі адамның туыстары да жүргізушімен татуласқанын хабарлап, оған шартты жаза тағайындауды өтінген болатын.

Тергеу деректеріне сәйкес, Zeekr көлігінің жүргізушісі алкогольдік мас күйде қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан үш адам көз жұмды.

Сараптама қорытындысына сәйкес, жол апаты болған сәтке дейін көлік шамамен сағатына 219 шақырым жылдамдықпен жүйткіген.

Войдите, чтобы оставить комментарий