"Алла деп айғайлап жатты": Астанадағы өрт шыққан үйдің көршісі не көргенін айтты

13.04.2026 13:33 Мөлдір Талғат
759
Фото: ашық дереккөз

Астанада үш баланың өмірін қиған қайғылы өртке қатысты жаңа деректер белгілі болды. Көпқабатты үйдің тұрғыны сол түні болған жайтты егжей-тегжейлі баяндап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Threads желісінде @asha_1299 есімімен тіркелген қолданушының айтуынша, ол түнгі сағат 01:17 шамасында күйік иісінен оянып кеткен. Алғашында түтін өз пәтерінен шығып жатыр деп ойлағанымен, кейін жағдайдың әлдеқайда ауыр екенін түсінген.

«Алла… Алла… Алла… деген дауысты естідім. Баспалдаққа қарай жүгіріп, түтінге толып кеткенін көрдім. Сол кезде көршінің пәтерінде өрт шыққанын түсіндім. Есігін қақтым, бірақ ешкім ашпады. Басқа көршілерді де оятпақ болдым, ешкім жауап бермеді. Тіпті 101-ге де бірден хабарласа алмадым», – дейді тұрғын.

Оның сөзінше, бір сәтте көрші пәтерден ерлі-зайыпты шыққан. Алайда олар да не болып жатқанын бірден аңғармаған. Әйел өрт туралы айтып, көмек сұраған.

«Ер адамға ішінде адамдар бар екенін, көмек қажет екенін айттым. Іштен әйелдің айғайы естіліп жатты. Бірақ оларда ешқандай құрал болмады. Кейін өз пәтеріме барып, 101-ге хабарластым. Қабырғаның ар жағынан ыңырсыған дауыстар естіліп тұрды», – деп еске алады ол.

Көп ұзамай тұрғындар сыртқа шыға бастаған. Сол сәтте оқиға орнына өрт сөндірушілер де жеткен.

Көршілердің айтуынша, бұл пәтерде әйел мен үш бала тұрған. Алғашында балалардың үйде жоқ екені туралы ақпарат тарағанымен, кейін олардың қаза тапқаны белгілі болған.

«Жылы киімдерімді алуға қайта кіргенімде ғана балалардың қайтыс болғанын естідім. Көз жасымды тыя алмадым. Олардың даусын күнде еститінмін», – дейді куәгер.

Тұрғынның айтуынша, сол түні үйдің маңында марқұмдардың әкесі мен туыстары да болған. Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий