Алматы халқы Рәтбек қажыны ақтық сапарға шығарып салды
Бүгін Алматы Орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш төрағасы, 1990-2000 жылдары аралығында Бас мүфти қызметін атқарған елімізге белгілі дін қайраткері, марқұм Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазретті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Politico.kz
Марқұмның жаназа намазын Рәтбек қажының шәкірті, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оқып, қайғы жамылған әулетке сабыр тіледі. Сонымен қатар, рәсім барысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Нысанбаевтар әулетіне жолдаған көңіл айту жеделхаты оқылды.
Сондай-ақ жерлеу рәсімінде бірқатар мемлекеттік тұлғалар мен шет елдердің дін басшыларынан келген көңіл айту жеделхаттары оқылып, марқұмның отбасына табысталды.
Ас соңында ҚМДБ Төрағасының тапсырмасымен еліміздегі Құран жаттау орталықтарында 40 Құран хатым түсіріліп, марқұмның рухына бағышталып дұға жасалды.
Еске сала кетейік, осы апта басында, 12 қаңтар діни басқарманың құрылған күніне орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазретті арнайы зиярат етіп, Ислам дінінің дәріптелуіне, діни білім мен ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғаларға берілетін ҚМДБ-ның ең жоғары марапаттарының бірі — «Шарапат» орденімен марапаттаған болатын.
Соңғы жаңалықтар