Алматы метросында ер адам рельске құлап, қайтыс болды
Алматы метрополитенінде қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Абай» станциясында 26 жастағы зағип азамат рельске құлап, пойыз астына түсіп қалған. Куәгерлердің айтуынша, оқиға кенеттен болған. Жолаушылар жедел қызметке хабарласып, көмекке ұмтылды. Дегенмен медицина қызметкерлері азаматты құтқара алмады.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға орнына тергеу тобы жіберіліп, мән-жайлар анықталуда. «26 жастағы ер адамның зағип болғаны белгілі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Оқиғадан кейін «Абай» метро станциясы уақытша жабылып, пойыздар бұл станцияда тоқтаусыз өтуде. Метрополитеннің баспасөз қызметі жолаушылардан түсіністікпен қарауды сұрап, станцияның жақын арада қайта ашылатынын мәлімдеді.
Бұл жағдай метро станцияларындағы қауіпсіздік жүйелеріне назар аударып, оларды қайта қарау қажеттігін көрсетті.