Тоқаев көлік министрін ауыстырды
Қазақстанда көлік министрі ауысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Сауранбаевты қызметінен босатып, оның орнына Әсел Жанасованы тағайындады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасының Көлік министрі лауазымынан босатылды», – делінген ресми хабарламада.
Нұрлан Сауранбаев бұл қызметке 2025 жылдың маусымында тағайындалған еді.
Ал оның орнына келген Әсел Жанасова бұған дейін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарып келген.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Әсел Жұбанышқызы Жанасова Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – деп хабарлады Ақорда.
Әсел Жанасова Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне 2025 жылғы 10 желтоқсанда тағайындалған болатын.
Жаңа министр кім?
Әсел Жұбанышқызы Жанасова 1987 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
2010 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританиядағы Кембридж университетінде компьютерлік ғылымдар саласы бойынша білім алған. 2014 жылы осы университеттің магистратурасын тәмамдаған. Сондай-ақ Мәскеу мемлекеттік университетінде Executive Management бағдарламасы бойынша оқыған.
Еңбек жолын Лондонда бастаған. 2010-2014 жылдары халықаралық компанияда ақпараттық технологиялар маманы, басқарма менеджері және киберқауіпсіздік департаментінің директоры қызметтерін атқарған.
2014 жылы Қазақстанға оралып, Ұлттық банктің Цифрлық технологиялар департаменті директорының орынбасары болған.
2016-2017 жылдары «Зерде» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы қызметін атқарған. Кейін «Астана» халықаралық қаржы орталығы басқарушысының кеңесшісі болып жұмыс істеген.
2018-2020 жылдары осы қаржы орталығының цифрлық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры болған.
2020-2022 жылдары Сауда және интеграция министрінің орынбасары қызметін атқарды. Ал 2022-2025 жылдары «Қазпошта» акционерлік қоғамын басқарды.
2025 жылғы 8 маусымда президенттің кеңесшісі болып тағайындалды. Сол жылдың 10 желтоқсанында Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне ауысты.
Әсел Жанасова 2021 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен, 2025 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.
Сондай-ақ ол Дүниежүзілік экономикалық форумның (WEF) Young Global Leader 2025 қауымдастығына және Global Women Asia Fellow 2024 халықаралық көшбасшылық бағдарламасына мүше.
Соңғы жаңалықтар