Алматы облысында ер адам ағасын балағат сөздерден кейін өлтіріп тастады
Алматы облысында ер адам туған ағасын пышақтап өлтіргені үшін 8 жылға сотталды. Қайғылы оқиға биыл 11 ақпанда Есік қаласында болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот материалдарына сәйкес, 34 жастағы Камиль Худайбердиев таңертең баласын балалар орталығына апарып келе жатқанда ағасы Бахтияр Худайбердиевтен WhatsApp арқылы бірнеше ауыр сөз естіген. Кейін екеуі телефонмен сөйлескенімен, жанжал шешілмеген.
Содан кейін інісі ағасының үйіне барған. Кездесу кезінде араларында тағы жанжал шығып, Камиль қалтасындағы пышақты алып, ағасына бірнеше рет соққы жасаған.
Тергеу дерегінше, сотталушы ағасына жалпы 16 рет пышақ сұққан. Соққылар жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе мен ішекке тиген. Сонымен қатар марқұмның қолы мен аяғына да жарақат салынған.
Кейін Бахтияр бауырының қолында жан тапсырған. Сол сәтте Камиль одан кешірім сұрағаны айтылды. Оқиға орнына тағы екі бауыры келгенімен, олар марқұмды тірі көрмеген.
Қылмыстық іс қысқа мерзімде тергелген. Камиль Худайбердиев кінәсін толық мойындаған. Ал жәбірленуші ретінде танылған үшінші бауыры сотталушыны кешірген.
Осыған байланысты сот оған ең төменгі жаза тағайындап, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар