Алматы облысында жаңа туған үшем шетінеп кетті 

21.07.2026 09:38 Әсел МҰРАТ
Алматы облысында жаңа туған үшем шетінеп кетті 
186
Фото: ашық дереккөз

Қаскелеңде шетінеп кеткен үшемнің туыстары дәрігерлерді айыптап отыр. Өйткені жүктіліктің 25-аптасында суы кетіп перзентханаға түскен әйелді дәрігерлер табиғи жолмен босандырыпты. Негізі кесір тілігі жасалуы керек еді, дейді жақындары. Тіпті, екі сәбидің шетінегенін бірден айтып, үшіншісін жасырып қалғанына қапалы, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Үш нәрестені жер қойнына тапсырғандар енді мән-жайды анықтап, кінәлі тұлғаларды жазалауды сұрайды. 

Өткен жұма жүктіліктің 25-ші аптасында келіншектің суы кетіп, Қаскелең қаласындағы перзентханаға жеткізілген екен. Дәрігерлер үшемге аяғы ауыр әйелге толғақ шақыратын екпе салып, табиғи жолмен босандыру туралы шешім қабылдаған.

«Таңғы 7-де келінім үшемді дүниеге алып келеді. Негізі кесір тілігімен қалаға барып жату керек болған. Алайда мынандай төтенше жағдайда, бірақ ұлым үшем екенін айтып, қалаға жіберіңіздер деп сұраған. «Бұны босандыру қолдарыңыздар келе ме?» дегенде, «өте кішкентай, біз табиғи жолмен босандырып аламыз» дейді. Жетіде босанған, егіздер бірінен кейін бірі шетінеп кетті деп, екеуін ғана айтады», - дейді Гүлжәмила Төлешова

Отбасы үшінші сәби аман қалды деп үміттенген. Бірақ ол да шетінеп, дәрігерлер мұны жасырып қалды дейді. Сөйтіп үшінші баланың денесін бүгін әрең беріпті. Туыстарының айтуынша, бес айға дейін әйелдің денсаулығына шағымы болмаған. 

«Келінімнің жүктілігі бастапқыда өте жақсы болды. Соңғы бес айдан кейін кішкене ауырлау өте бастады. Сақтап қалу үшін емделуге жаттық, керекті ем-домның бәрін алдық. Менің ашуымды тудырған нәрсе — баланы беріп тұрып, үшінші баланы жасырып қалған. Не үшін, не себепті жасырды?! Неге бар шындықты айтпайды?! Неге бізге түсіндірмейді, барлығын, қалай болғанын?! Қан кетіп, үш перзентті табиғи жолмен босану оңай емес. Келінім қан кетіп, өзі қиналып жатқан анаға, неге ондай қайғылы хабарды жеткізеді? Менің түсінбейтінім — осы», - дейді Гүлжәмила Төлешова. 

Бұл отбасы сәбилердің шетінеу себебін «ешкім түсіндірмеді» деп қапалы. Олар шақалақтарды жер қойнына тапсырған. Дегенмен мән-жайды анықтау үшін эксгумация жасауды талап етіп отыр. 28 жастағы Айданаға кесір тілігін жасағанда бәрі жақсы болар еді, дейді олар. 

«Айдананың негізгі тарихында, үшем болғаннан кейін жоспарлы кесір тілігі жасалу керек болған. Бұлар алады да, Айдананың өзін босандырып алады. Ешкім шығып, ресми түрде Тимурға естіртпеген. Бізге де естіртпеді», - деді Жазира Төлешова.. 

Ал дәрігерлердің уәжі басқа. Сөздеріне сенсек, аяғы ауыр келіншек ауыр хәлде түскен. Сондықтан басқа ауруханаға ауыстыру мүмкін болмады деп отыр. Ал сәбилер небәрі 500 грамм салмақпен туған. Яғни ішкі ағзалары қалыптасып үлгермеген дейді. 

«Жүктіліктің 25-ші аптасында үшеммен босану аса ауыр, шұғыл медициналық көмекті талап ететін критикалық жағдай болып саналады. Осыған байланысты жүкті әйел стационарға жатқызылды. Сағат 7-де нәрестелер дүниеге келді. Барлығының туған кездегі дене салмағы өте төмен болды. 500 грамға дейінгі нәрестелер экстремалды төмен салмақпен туғандар санатына жатады. Мұндай жағдайда өмірлік маңызды ағзалар, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді. Қазіргі уақытта көрсетілген медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізілуде», - дейді ауруханадағылар.

Полицейлер де болған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Тергеп-тексеру амалы жүріп жатыр.  

Үш сәбиінен айырылған ана қазір перзентханада емделіп жатыр. Бұл Айдананың үшінші жүктілігі болған. Яғни үйде екі перзенті бар. Ол аман-есен босанып, бес баланың анасы боламын деп армандаған екен. 

Қайғыдан қан жұтқан ата-ананың көкейінде күмән көп. Сондықтан тексеріс жүргізіп, кінәлі тұлғалардың жазаға тартылуын талап етіп отыр.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий