​Алматы полициясы inDrive-тан жедел әрекет ету жоспарын талап етті ​

​Алматы полициясы inDrive-тан жедел әрекет ету жоспарын талап етті ​
03.09.2025 13:54
0
44
Ақжайық

Алматы полициясы жаңа оқу жылында тасымалдаушылардан жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті. Алматы қаласы полиция Департаментінде автобус парктері, таксопарктер және такси агрегаторлары басшыларының қатысуымен жиын өтті, деп хабарлайды POLITICO.KZ Ақжайыққа сілтеме жасап.

Жаңа оқу жылындағы балалардың жолдағы қауіпсіздігі кездесудің негізгі тақырыбы болды. 

Полицияның мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан 190 бала қаза тауып, 7 мың 508 бала әртүрлі дене жарақатын алған. Алматы қаласында 2 баланың қаза табу дерегі және 1 202 кәмелетке толмаған бала жарақат алғаны тіркелді.  

«Статистика үшін бұл жәй сандар болса, ал отбасы үшін – қайғы мен қасірет. Қаза болған екі бала – орны толмас қайғы. Алматыда мыңнан астам бала физикалық және психологиялық жарақат алған, сондықтан балаға қатысты болған әрбір жол-көлік оқиғасы орны толмас қасірет», – деді, Әкімшілік полиция Басқармасының бастығы Асхат Кұлбаев.

Полиция тасымалдаушыларға қысқа мерзім ішінде көліктердің техникалық жарамдылығын толық тексеруді, әсіресе тежегіш жүйесіне, жарық шамдарына, қауіпсіздік белдіктеріне және балаларға арналған ұстап тұратын құрылғылардың болуына ерекше назар аударуды міндеттеді. 1 қыркүйектен бастап жалпы білім беру мектептерінің маңында рейдтік іс-шаралар басталады. Құқықбұзушылық анықталған жағдайда әкімшілік шара қабылданады дейді полиция мамандары.

Жиынның бір бөлігі такси агрегаторларының қызметіне арналды. Асхат Құлбаевтың айтуынша, компания кейбір маңызды функцияларды орындамай, жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отыр. 

«Бүгінгі таңда “Indrive” өз жүргізушілері мен көліктерін бақыламайды, қауіпті  көліктердің қолданылуына жол береді және жолаушыларды қорғаудың қарапайым тетіктері жоқ. Сіздерде жедел байланыс желісі, шұғыл көмек батырмасы, бағытты қадағалау жүйесі жоқ. Бұл – жол беруге болмайтын жағдай. Біз сіздерден сылтау емес, нақты шешім күтеміз. Егер өзгеріс болмаса, заңнама деңгейінде шаралар қабылданады. Біз нақты түсініктеме мен анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі нақты жоспарды күтеміз», – деді, полковник Құлбаев.

Жиын қорытындысы бойынша барлық тасымалдаушылар мен агрегаторларға жедел түрде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы жазбаша есеп тапсыру талабы қойылды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий