Алматыда бір перзентханада екі әйел баласынан айырылып қалды

Алматыда бір перзентханада екі бірдей ана сәбилерінен айырылған, деп хабарлайды POLITICO.KZ 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Екі әйел де бұған дәрігерлерді кінәлайды. Олардың айтуынша, ақ халаттылар уақытында көмек көрсетпей, кейін кінәні өздеріне аударуға тырысқан.
Арай Ақан 5 мамырда көптен күткен сәбиін қолына аламын деп қуана перзентханаға барған. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмады. Айтуынша, дәрігерлер оның жағдайын назарсыз қалдырып, дер кезінде көмек көрсетпеген. Толғақ күшейген сәтте ота жасауын өтінсе де, «өзің босана аласың» деп келісім бермепті. Ақ халаттылар баланың жүрек қағысы нашарлағанын білсе де, ештеңе істемеді дейді. Тек арада біраз уақыт өткеннен кейін ғана барып, вакуум әдісімен босандырмақ болған. Алайда сол сәтте сәбидің жүрегі тоқтап қалған деп отыр.
«Баланың жүрек соғысы ұнамай тұр деді. Ол дайындыққа команда беріп, 15 минуттан кейін кіріп, ойынан айнып қалды. Таңғы 4-тен 5-ке дейін бір сағат бойы ешкім кірген жоқ», – дейді келіншек Информбюроға.
Гүлминям Низахунова да дәл осы перзентханада сәбиінен айырылған. Оның айтуынша, 13 тамызда қан кетіп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Бірақ дәрігерлер «бұл қалыпты жағдай» деп, ота жасаудан бас тартқан.
Төрт күн өткен соң әйел баланың қозғалысы тоқтағанын байқаған. Сол кезде ғана хабарлағанымен, тым кеш болған, сәби іште шетінеп кеткен.
«Дәрігерлер құжаттарды өзгертіп, мені 13-і күні үйге кетіп, 17-сі күні толғатып келді деп жазған. Ал мен сол күндері перзентханада болдым. Кейін олар үйге келіп, кешірім сұрады. Бірақ кешіре алмайтынымды айттым. Тіпті «сенің балаларыңның бәрі қыз екен, қаласаң ұл бала сыйлайық» деді. Мұндай сөзді қалай айтуға болады?», – деді әйел.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері екі әйелдің мәселесі бақылауда. Тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
«Басқарма денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне хат жолдаған. Бір пациент бойынша тексеру нәтижесі белгілі болып, оған хабарланды. Екінші іс бойынша қосымша хат жіберіліп, қорытындысына сай шаралар қабылданады», – делінген хабарламада.
Жәбірленуші тарап кінәлілер жазаланғанын қалайды. Сондықтан олар құзырлы органдарға шағым түсірмек.
Соңғы жаңалықтар





