Алматыда дербес деректерді жариялаған журналист сотталды

04.08.2026 09:10 Мөлдір ҚАЙНАР
Алматыда дербес деректерді жариялаған журналист сотталды
129
Фото: facebook.com/alexandra.alyokhova

Алматының Алмалы аудандық соты журналист Александра Алёховаға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жабық режимде өткен сот процесінде БАҚ-та адамның жеке құпиясына жататын дербес деректерді заңсыз таратты деген айып қаралды.

Сот судьясы журналисті Қылмыстық кодекстің 147-бабы 5-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда үкімнің орындалуы 5 жылға, яғни 2031 жылға дейін кейінге қалдырылды. Сондай-ақ сотталған азаматшаға 3 жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Тергеу мәліметінше, журналист полицияның арнайы есебінде жыныстық қызмет көрсететін тұлға ретінде тіркелген жәбірленуші туралы ақпаратты жариялаған.

Бұл іске қатысты "Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры мәлімдеме жасап, журналист бұл деректерді Telegram-арнада бұған дейін шыққан жазбаға сүйеніп таратқанын атап өтті. Қор өкілдерінің сөзінше, жәбірленуші бастапқы ақпаратқа байланысты полицияға шағымданғанымен, Telegram-арнадағы жарияланым бойынша қылмыстық іс қозғалмаған.

"Құқық қорғау органдары мәліметтердің алғашқы жариялануын заңды деп танып, ал оны қайта таратқан журналистке қылмыстық жауапкершілік жуктеген. Алайда жария түрде таралған мәліметтер құпия мәртебесінен айырылады. Көпшілікке қолжетімді болған ақпаратты кейін тарату жеке құпияны жария ету ретінде қарастырылмауы тиіс", – делінген "Әділ сөз" қорының таратқан хабарламасында.

Сондай-ақ қор дәл осы мәліметтерді таратқаны үшін бұған дейін журналист Олег Гусевтің де сотталғанын еске салды. Оның ісі ашық сотта қаралып, ақпарат сот актілерінде жарияланған.

"Әділ сөз" қоры журналистерді қылмыстық жауапкершілікке тарту тек жеткілікті құқықтық негіз болғанда, заңдылық пен құқықтық айқындық қағидаттары сақталғанда ғана жүзеге асырылуы керек екенін алға тартады.

Войдите, чтобы оставить комментарий