Ақтауда шабуылға ұшыраған хирург өз нұсқасын айтты (ВИДЕО)
Ақтауда науқас баланың әкесі күш көрсеткен хирург өзіне тағылған айыптарға жауап берді. Баланың әкесі дәрігерді ұлының аппендицитін дер кезінде анықтамады деп кінәласа, хирург Қанат Измаилов науқасты небәрі 15 минут қарап, басқа дәрігерлерге тапсырғанын айтады, деп хабарлайды Politico.kz.
31 қазанда Ақтаудағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде жанжал шыққан еді. Науқас баланың әкесі хирург Қанат Измаиловқа шабуыл жасаған. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп, әлеуметтік желіде тараған. Кейін баланың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Алайда көп ұзамай баланың әкесі де бейнеүндеу жариялап, жанжалдың неден шыққанын түсіндірді. Оның айтуынша, баласын алғаш ауруханаға әкелгенде дәрігер «ішіне жел жиналған» деп, жатқызудан бас тартқан. Кейін басқа дәрігер баланың аппендицитін анықтап, шұғыл ота жасаған.
Әкесі осы жағдай үшін Қанат Измаиловты кінәлап, оның кесірінен баласынан айырылып қала жаздағанын айтқан.
Ал баласының іші қайта ауырып, ауруханаға келгенде, әкесінің сөзінше, сол дәрігер оларды мысқылдап, күліп қарсы алған әрі баланы қарағысы келмеген. Сондай-ақ ол дәрігер өзін жоқта әйеліне сөз айтқанын мәлімдеді. Осыдан кейін ашуға бой алдырып, хирургке күш көрсеткенін түсіндірген.
Енді осы айыптауларға Қанат Измаиловтың өзі жауап берді. Оның бейнежазбасын бұған дейін жанжал сәтін жариялаған блогер Азамат Сәрсенбаев таратты.
Хирургтің айтуынша, ол баланы алғаш келген кезде небәрі 15 минут қана көрген. Науқас 19-ы күні сағат 16:51-де, дәрігердің жұмыс ауысымы аяқталар шақта жеткізілген.
«Менің хирургия саласында жұмыс істегеніме 20 жылдан асты. Қазір мені баланың аппендицитін анықтамады деп кінәлап жатыр. Бірақ мен ол баланы небәрі 15 минут көрдім. Қажетті тексерулерді тағайындап, кезекші дәрігерлерге тапсырдым. Одан кейін баланы көрген жоқпын. Оның отасына да қатысқан емеспін», – дейді Қанат Измаилов.
Дәрігердің сөзінше, бала екінші рет ауруханаға келгенде аппендицитке ота жасалып қойған. Сол кезде хирург қажетті талдаулар мен рентген тексеруін ұйымдастырған. Мұның бәрі 30 минут ішінде жасалғанын айтады.
«Мен әкесіне баласына ота жасалғанын, енді ішінің ауыруына хирургияға қатысы жоқ басқа аурулар да себеп болуы мүмкін екенін түсіндірмек болдым. Бірақ ол маған тап берді. Мен онымен ұрысқан да, жанжалдасқан да жоқпын», – дейді хирург.
Қанат Измаилов әрбір іші ауырған баланы бірден операцияға жіберуге болмайтынын да түсіндірді. Оның айтуынша, іші қатты ауырып келген 20 баланың бір-екеуінде ғана аппендицит болуы мүмкін. Сондықтан алдымен тексеріп, ота қажет пе, жоқ па, соны анықтау керек.
«Күндіз-түні осында жұмыс істейміз. Кейде тәулік бойы ауруханадан шықпаймыз. Осынша жылғы еңбегің мен біліміңді бір сәтте жоққа шығарғанын түсіну өте ауыр. Ол маған не үшін тап берді? Мен оған не істедім? Бала осында, тірі. Біз оған көмектескіміз келеді. Егер әркім осылай шабуыл жасай берсе, бізден не қалады? Одан кейін қалай жұмыс істейміз?» – деді хирург.
Сондай-ақ ол дәрігерлердің әр науқасқа күлімдеп, психолог сияқты көңіл бөлуге мүмкіндігі бола бермейтінін, бірақ өз міндеттерін Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен талаптарға сай орындауға тырысатынын айтты.
Соңғы жаңалықтар