Алматыда ер адам аялдамада тұрған зейнеткер әйелді соққыға жықты (ВИДЕО)
Алматы қаласының Бостандық ауданындағы аялдамада тұрған қарт әйелге қатысты шабуыл жасалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бейтаныс жігіт айналадағы адамдардың тарағанын күтіп, жалғыз қалған зейнеткерге кенеттен бас салып, соққыға жыққан.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, 66 жастағы әйел ауыр жарақат алып, қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр. Жәбірленушінің туысы бұл жағдайдың ешқандай себепсіз болғанын айтып, оқиғаның қоғам назарынан тыс қалмауын сұрады.
«Ол артынан келіп, еш себепсіз анама шабуыл жасады. Қазір анамның жағдайы өте ауыр. Бұл видеоны жариялау оңай емес, бірақ адамдар шындықты білуі тиіс», — деп жазды желі қолданушысы.
Оқиға бойынша полицияға арыз түсіп, тиісті тергеу амалдары басталды.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті тез арада анықталып, қолға түскен. Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, іс жан-жақты әрі объективті түрде тергеліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар