Алматыда тұрғын үй кешенінің ауласында көлік екі баланы қағып кетті
Алматы облысының Бесағаш ауылында тұрғын үй кешенінің ауласында Chevrolet Cobalt көлігі екі кәмелетке толмаған баланы қағып кетті, деп хабарлайды Politico.kz.
Жол-көлік оқиғасы 4 қыркүйек күні сағат 18:20 шамасында Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы «Нұрия» тұрғын үй кешенінің аумағында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 25 жастағы жүргізуші көлікпен жүріп келе жатып, ауладағы екі баланы қағып кеткен. Жергілікті тұрғындар көлік шамамен сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүрген болуы мүмкін деп болжаған. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, зардап шеккен қыздардың бірі жол апатынан кейін біраз уақыт ес-түссіз жатқан. Дегенмен полиция балалардың нақты жағдайына қатысты қосымша мәлімет берген жоқ.
«Полиция қызметкерлері екі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен 25 жастағы Chevrolet Cobalt жүргізушісін жауапкершілікке тартты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан балалар түрлі дене жарақатын алып, қажетті медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді», – деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.
Қазір жол апатына қатысты тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе тұрғын үй аулалары мен балалар жиі жүретін аумақтарда барынша сақ болуға шақырды.
Соңғы жаңалықтар