Алматыда жігітімен ұрысып, 10-қабаттан секірген қыз есін жиды
Алматыда тұрғын үй кешенінің 10-қабатынан секіріп кеткен 20 жастағы қыз ауруханада есін жиды, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға түнгі сағат 2.30 шамасында болған. Бойжеткен алдымен кіреберістің шатырына, одан кейін жерге құлаған. Оның мұндай қадамға баруына жігітімен болған жанжал себеп болды деген болжам бар.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда қыз масаң күйде болған. Ол секірмес бұрын төменде тұрған жігіттің атын бірнеше рет атаған.
"Қыз былайынан тұр, ұстайтын борттан өтіп алған. Дауысы біртүрлі, адамға ұқсамайды. Сау адамға ұқсамады, ішкен адам ғой. Мына жерде ішкен. «Шаяхмет, анаған жаным, сүйем деп айтшы, бері келтіріп алайықшы, бері қарай келтірші» дедім. Шаяхмет бірден айтты: «тәте, қазір баратын болсам, ол секіріп кетеді» деді. Айтқаны айдай келді. Шаяхметті көрді. «Сен мені саттың» деді де, құлады. Болды", – деді куәгер.
Оқиға орнында болған 26 жастағы азамат банкте жұмыс істейді. Ол бойжеткенмен бір жылға жуық уақыт таныс екенін және сол түні араларында ешқандай кикілжің болмағанын жеткізді. Жігіттің айтуынша бұл қыздың өз-өзіне қол жұмсауға жасаған екінші әрекеті, алғашқысында оны өзі аман алып қалған. Азамат барлық дәлелдемелерді полицияға тапсырғанын айтты.
Құзырлы органдар аталған факті бойынша тергеуді бастады.
"Алдын ала болжам бойынша, екеуінің арасында жанжал туындаған. Нәтижесінде бұл бойжеткен «өзіме қол жұмсаймын» деп қорқытып, подъездің балконынан секіріп кеткен. Процессуалдық алгоритм бойынша, дерек бойынша қылмыстық іс қозғалады. Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша. Күдікті анықталып жатса, осы іске итермелеген әрекетке, онда міндетті түрде шара қолданылады. Әзірге күдікті жоқ", – деп мәлімдеді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ауыр халде ауруханаға түскен науқасқа дәрігерлер шұғыл ота жасаған.
"Оң динамика байқалады, науқас өздігінен демалып жатыр және есін жиды. Жағдайы тұрақталған соң бейінді бөлімшеге ауыстырылды", – деді Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Марат Алиев.
Соңғы жаңалықтар