Алматыда жол бермеген жүргізуші бір соққыдан есінен танып құлады
Алматыдағы Сейфуллин даңғылында екі жүргізушінің арасында жолға таласу салдарынан келіспеушілік туындап, бір азамат жалғыз соққыдан талып қалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жәбірленушінің сөзіне қарағанда қара түсті ROX жол талғамайтын көлігінің иесі кері бұрылып, көліктер легіне қосылмақ болған кезде оған ешкім жол бермеген. Осыдан кейін ол өзіне жол бермеген автокөлікті соңынан аңдып, тоқтауға мәжбүр еткен. Екі көлік тоқтап, жәбірленуші мән-жайды анықтау үшін далаға шыққан сәтте ROX жүргізушісі жақындап келіп оның бетінен бір-ақ ұрған.
Соққының ауыр болғаны соншалық ер адам асфальтқа құлап, есінен танып қалған. Куәгерлердің айтуынша ол дірілдеп, тырыспа ұстамасына ұшыраған. Бұл уақытта сол маңдағы өтіп бара жатқан адамдар көмекке ұмтылғанымен, шабуыл жасаған күдікті жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнынан ізін суытып үлгерген.
Дәрігерлер көлігінде есін жиған жәбірленуші енді полиция қызметкерлерінен кінәлі азаматты тауып, оны заң жүзінде жауапкершілікке тартуды сұрап отыр.
Соңғы жаңалықтар