Алматының экс-бас сәулетшісіне қатысты іс: бес сотталушы соңғы сөзін айтты

09.09.2026 13:41 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Алматының экс-бас сәулетшісіне қатысты іс: бес сотталушы соңғы сөзін айтты
135
Фото: Facebook.com/Алмасхан Ахмеджанов

Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджанов пен өзге де тұлғаларға қатысты қайта басталған сот процесі аяқталуға жақын. Айып тағылған алты адамның бесеуі сот алдында соңғы сөзін сөйледі, деп хабарлайды Politico.kz порталы Qazinform агенттігіне сілтемемен.

Бас фигурант Алмасхан Ахмеджановтың сөз сөйлеуі келесі аптаға шегерілді. Ол денсаулық жағдайына байланысты соттан осындай өтініш жасаған.

Жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов өзіне тағылған айыппен мүлдем келіспейтінін білдірді. Ол қылмыстық істі қолдан жасалған деп есептейді. Экс-шенеуніктің айтуынша, айыптау тарапы ұсынған дәлелдер іс қозғалмай тұрып жиналған.

«Бұл істі жалған мән-жайларға негізделген және толықтай қолдан жасалған деп санаймын. Мені ақтап, азаматтық талап арыздарды қанағаттандырудан толық бас тартуыңызды сұраймын», – деді Ардақ Самамбетов.

Жерге орналастыру, алып қою және резервке қалдыру бөлімінің бұрынғы басшысы Ерлан Жармұханбетов те кінәсін мойындаған жоқ. Ол тергеу органдарын іс материалдарын бұрмалады деп айыптады. Сотталушы төрт жылға жуық уақыт бойы тергеу изоляторында негізсіз отырғанын жеткізді.

«Құрметті сот, мені барлық баптар бойынша ақтап, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жоюды сұраймын. Балаларым тірі жетім қалды. Сіздерді әділ шешім шығарады деп үміттенемін», – деді Ерлан Жармұханбетов.

Кәсіпкер Берік Өскембаев кінәсін толық мойындады. Ол келтірілген шығынды өтегенін айтып, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінді. Ал тағы бір кәсіпкер Мұханбетәлі Шалқарбеков шешім қабылдауды соттың құзырына қалдырды.

Бағалау компаниясының директоры Алмазхан Бәкіров те өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін тағылған айыпты мойындады. Ол жасаған ісіне өкініш білдірді.

«Мен қатты өкінемін. Көпбалалы әке екенімді, кәмелетке толмаған балам бар екенін және үшінші топтағы мүгедектігімді ескеруді сұраймын. Бас бостандығынан айыруға қатысы жоқ үкім шығаруыңызды өтінемін», - деді Алмазхан Бәкіров.

6 фигурантқа қатысты қылмыстық істі қайта қарау Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2026 жылдың сәуір айында басталған. Оған дейін 2025 жылдың ақпанында барлық сотталушыларға айыптау үкімі шыққан болатын.

Ол кезде Алмасхан Ахмеджанов 11 жылға, Ардақ Самамбетов 10 жылға, Ерлан Жармұханбетов 14 жылға, Алмазхан Бәкіров 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Кәсіпкерлер Мұханбетәлі Шалқарбеков пен Берік Өскембаевқа 5 жылдан шартты жаза берілген.

Алайда 2026 жылдың ақпанында Алматы қалалық соты бұл үкімнің күшін жойды. Қылмыстық-процестік заңнамадағы заңбұзушылықтарды жою үшін іс прокурорға қайтарылып, кейін қайта қарау басталды.

Алмасхан Ахмеджанов 2023 жылдың жазында ұсталған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, ол 2020-2023 жылдары қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, алаяқтыққа болысқан және заңсыз пайда тапқан.

Войдите, чтобы оставить комментарий