Amanat партиясы мәслихат сайлауына қатысудан бас тартты: қалған 7 партияға рұқсат берілді

13.10.2026 • 18:43 Қарақат АСЫЛОВА
Amanat партиясы мәслихат сайлауына қатысудан бас тартты: қалған 7 партияға рұқсат берілді
70
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Қазақстанда 29 қарашада өтетін мәслихат сайлауына Amanat партиясы қатыспайтын болды. Партия Орталық сайлау комиссиясына ресми хат жолдап, сайлауға түсуден бас тартқан, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді.

«Бүгін отырыс басталар алдында Орталық сайлау комиссиясына Amanat партиясынан мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатыспайтыны туралы ресми хат келіп түсті. Хат қарауға қабылданды», – деді Әбдіров.

Әділет министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қазір 8 саяси партия тіркелген. Алайда олардың жетеуі ғана алдағы сайлауға қатысады.

Орталық сайлау комиссиясы мына жеті партияға партиялық тізім бойынша өтетін мәслихат сайлауына қатысуға рұқсат берді:

  • «Әділет» партиясы;
  • «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы;
  • Қазақстан халық партиясы;
  • «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
  • «Байтақ» жасылдар партиясы;
  • Respublica партиясы.

ОСК мүшелері 7 партияның сайлауға қатысуына бірауыздан дауыс берген.

Мәслихат сайлауы қашан өтеді?

Еске салайық, Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген. Сайлау кезінде елдегі 228 мәслихатқа барлығы 3447 депутат сайлануы тиіс.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий