Андрей Сибига: Астана Зеленский мен Путин кездесетін алаңға айналса, қуана құптаймыз
Украина тарапы Мәскеумен бейбіт келіссөздер жүргізуде Астананың делдалдық рөлін, тіпті мемлекет басшыларының кездесу алаңы болуын қуана құптайтынын мәлімдеді. Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық бастамаларына жоғары баға беріп, қақтығысты реттеу шарттары мен Астанада өтуі мүмкін дипломатиялық кездесулерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Министр Андрей Сибига бұл туралы Ulysmedia.kz порталына берген сұқбатында әңгімеледі.
— Тоқаев соғысты тоқтатуды, яғни қаңтарып қоюды ұсынды. Сіз де уақытылы әрі парасатты шешім деп мәлімдеме жасадыңыз. Тоқаев Ыстанбұл формуласының «2.0» нұсқасына оралуды ұсынып отыр. Украина бұл келіссөздерді қайта жандандыруға дайын ба?
— Білесіз бе, Қазақстан Президенті Тоқаев мырза ғаламдық процестерді терең әрі кәсіби деңгейде түсінеді. Біз оның ең күрделі мәселелер бойынша принципиалды ұстанымын білдірудегі таланты мен батылдығын жоғары бағалаймыз. Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы кездесу кезінде де Президент Зеленский Президент Тоқаевпен Қазақстанның бейбітшілікті жақындатудағы ықтимал рөлі мен қатысуын талқылады. Біз мұндай күш-жігерді құптаймыз. Сондай-ақ Зеленский мен Путин арасындағы кездесуді Қазақстанда өткізу мүмкіндігі де сөз болды. Қазақстан осындай рөлді атқара алады деп есептейміз.
— 2022 жылға кері оралсақ: сәуір айы, Ыстанбұлдағы келіссөздер... Соғысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгендей болып еді. Украина мен Ресей арасындағы сол келіссөзге не кедергі болды?
— Мен соғыстың алғашқы минуттарынан бастап Украина Президентімен бірге бункерде болдым, онда жер астында — 100 метр тереңдікте бір жарым жыл өмір сүрдім. Ресейдің барлық ұсыныстары есімде — олардың бәрі тізе бүгуге (капитуляцияға) үндеген ұсыныстар еді. Мұндай шарттар қабылданбайды. Бұл тек қабылдау не қабылдамау мәселесі емес, бұл — геосаяси шындық, бұл — Украинаның қуаты. Украина соққыға төтеп беріп отыр. Ал Ресей болса, өз риторикасын өзгерткен жоқ. Киев облысы мен Буча азат етілгеннен кейін орыс армиясының қандай қылмыстарға барғанын, бұл агрессияның қандай сұмдықтармен қатар жүріп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Украинаның бейбітшілікке қол жеткізуге қатысты нақты әрі тиімді ұсыныстары бар. Бұл — бір тараптың диктаты немесе талабы емес, әрдайым екіжақты келіссөздердің мәселесі. Бір жақты шарт қою Украинаға жүрмейді. Десе де біз бейбіт шешім табуға ниеттіміз.
— Дайынсыздар, тіпті Астана кездесу алаңы ретінде қарастырылып жатыр ғой?
— Иә, біз мұны қуана құптаймыз. Президент Тоқаев өзінің геосаяси рөлі мен парасатын ескере отырып, осындай маңызды кездесуді ұйымдастыра алады деп үміттенеміз. Біз бұған дайынбыз.
Соңғы жаңалықтар