«Англияға жұмысқа жіберемін» деген әйел уәдемен 10 адамды сан соқтырды
Жамбыл облысында алаяқтықтың құрбаны болған тұрғындар саны артты, деп хабарлайды Politico.kz.
Аса ауылында тұратын 10 адам шетелде жоғары жалақылы жұмыс ұсынамын деген әйелге сеніп, соңғы жинақтарынан айырылған.
Оқиға бір жыл бұрын басталған. Тұрғындар интернеттен Англиядағы жылыжайларда жұмыс туралы жарнама көрген. Онда саңырауқұлақ теру жұмысы ұсынылып, ай сайын 1 миллион теңгеден астам жалақы уәде етілген. Жұмысқа орналасу үшін азаматтар келісімшартқа қол қойып, жол ақысы мен құжат рәсімдеуге ақша жинаған. Көпшілігі несие алып, туыстарынан қарызға қаражат тапқан.
Алайда күдікті әйел барлық ақшаны алғаннан кейін байланысқа шықпай кеткен. Зардап шеккендердің айтуынша, олар жалпы 5 миллион теңгеден астам қаражат аударған.
Жәбірленушілердің бірі Нұрғиса Ибрагимов. Оның айтуынша, ол осы мүмкіндікке сеніп, бұрынғы жұмысынан шығып кеткен. Қазір сегіз айдан бері жұмыссыз қалып, несие төлеуге мәжбүр.
Полиция бұл дерек бойынша сегіз ай бұрын қылмыстық іс қозғаған. Күдікті әйел халықаралық іздеуге жарияланған. Соған қарамастан, жәбірленушілер істің нәтижесі әлі көрінбей отырғанын айтып отыр.
Соңғы жаңалықтар