«Хайп емес, нақты әрекет керек»: Тоқаев жануарларға қарсы қатыгездік мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады

25.04.2026 16:20 Қарақат АСЫЛОВА
«Хайп емес, нақты әрекет керек»: Тоқаев жануарларға қарсы қатыгездік мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады
234
Фото: Ақорда
Тоқаев жануарларға қарсы қатыгездікке қатаң шаралар қабылдауды талап етті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жануарларға деген қарым-қатынас мәселесін көтеріп, бұл бағытта тәртіп орнату қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы үй жануарларына немқұрайлы қарау жағдайларының жиілеп кеткенін айтып, мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, жануарларға қатыгездік танытқандарға қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажет.

Тоқаев қаңғыбас иттер мәселесі көбіне адамдардың жауапсыздығынан туындайтынын айтты. Яғни, кейбір азаматтар жануарларды асырап алып, кейін оларды көшеге тастап кетеді. Бұл өз кезегінде қауіптің артуына әкеліп отыр.

Президент сондай-ақ арнайы жануарлар панажайларының жұмысын қоғамдық бақылауға алуды тапсырды. Алайда бұл мәселені «хайпқа» айналдырмай, нақты іспен айналысу керектігін ескертті.

Мемлекет басшысы қаңғыбас иттерге қатысты жағдай қоғамда жікке бөлінуге себеп болмауы тиіс екенін айтып, мәселені ушықтырмай, тиімді шешім қабылдау маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы уақытта жабайыланған иттердің адамдарға шабуыл жасау деректері көбейіп, тіпті балалар да зардап шегіп жатыр. Осыған байланысты Президент бұл мәселеге мемлекет пен қоғам бірлесіп араласуы қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, Парламент тарапынан заңнамалық тұрғыда нақты шаралар қабылдануы тиіс екенін айтты.

Сөз соңында Тоқаев жануарларға жасалған кез келген қатыгездікке қоғам төзбеушілік танытуы керек екенін баса айтып, кінәлілерді қатаң жауапқа тарту қажеттігін жеткізді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий