Ақберен Елгезек: Билік адамның жүрегін қарайтады

22.07.2026 23:29 Томирис САҒЫНДЫҚ
Ақберен Елгезек: Билік адамның жүрегін қарайтады
50
Фото: видеодан скриншот

Танымал ақын, қаламгер Ақберен Елгезек биліктің табиғаты мен оның адам болмысына тигізер әсері туралы сөз қозғады. Оның пайымдауынша, билік — адам баласының рухани әлемін өзгертіп, ішкі дүниесін деформацияға ұшырататын қауіпті феномен, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Әңгіме бар» подкастында айтты.

«Адам билікке барғанда белгілі бір деңгейде деформацияға ұшырайды. Өйткені биліктің табиғатының өзі — адамның жүрегін қарайтады. Баяғыда Заманбек ағамыз: «Билікте жүргенімде көзімді шел басыпты» деген екен. Бұл — үлкен адамның сөзі. Ондай шындықты екінің бірі айта бермейді, мойындағысы да келмейді. Керісінше: «Мен билікте жүргенде елге көмектестім, жақсы жұмыс істедім, халқыма қызмет еттім, бағым ашылды» деп ақталуға тырысады. Ашығын айтқанда, адамға кішкентай ғана қызмет пен билік берілсе, ол бірден руханияттан алыстай бастайды. Әрине, егер ол билікке рухани жағынан толық дайындалып, тамыры сусындап, ішкі дүниесі көркем болып барса — бәлкім, өзгермес. Бірақ ондай адамның өзі ол ортада қаншалықты ұзақ жүре алады? Ол — екінші мәселе», — деп бөлісті Ақберен Елгезек.

Одан әрі ақын адамның өз нәпсісінің түрлі азғыруларынан арылуы мүмкін екенін, бірақ биліктің арбауынан бас тарту ең ауыр сынақ екенін тілге тиек етеді.  

«Әл-Ғазалидің сопылықтағы бір сөзі бар екен: «Дана адам, сопы адам, әулие адам сұлтанның сарайына бармайды» деген. Өйткені ол жерге барсаң, сен сұлтанның немесе патшаның ырқына бағынған адамға айналасың. Біреуге кіріптар болып, соның сөзін сөйлеуге мәжбүрсің. Ал ол билеуші сен көрген рухани процестерді түсінбейді. Сен оған ақиқатты айтсаң, оған ол ертегі сияқты болып көрінеді: «Ертегіңді қой, бұл жерде не істеп отырсың? Елеңдемей, былай жасау керек» дейді. Содан кейін сен амалсыздан сол жүйемен бірге қылмысқа, қателікке шектесесің. Тіпті келіскің келмесе де, сенбесең де, іштей қынжылсаң да, солардың ісін қоштап, басшының абыройын қорғап сөйлеуге мәжбүр боласың. Жақсы нәрсе жасаса да — ана кісінің абыройы. Биліктегі деформация деген — осы. Сен өтірік айта бастайсың, түрлі интригаларға араласасың. Оны істегің келмесе де, жүйе соған итермелейді. Адамның нәпсісі тоқтамайтын, ең қуатты қалауы — билік. Адам арақтан бас тартуы мүмкін, еркек адам әйелге деген құмарлығын тежей алуы мүмкін. Араққор адам да «Құдайдан қорықтым, ұят болады» деп ішпей қоюы мүмкін — ол қиын емес. Ал биліктен бас тарту — ең ауыр сынақ», — дейді қаламгер.

Войдите, чтобы оставить комментарий