Ақтау портының бұрынғы президенті сот залынан бостандыққа шықты
Жемқорлық ісі бойынша айыпталған «Ақтау халықаралық теңіз сауда портының» бұрынғы басшысы Абай Түрікпенбаев бірден еркіндікке жіберілді, деп хабарлайды Politico.kz порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгін Ақтау қалалық сотында жарты жылдан астам уақытқа созылған іс бойынша төрт адамға үкім оқылды. Былтыр көктемде порт президентінің тұтқындалғаны туралы ақпарат тарап, сот процесінде прокурор оны 8 жылға соттауды сұраған болатын.
Алайда судья оның алаяқтық жасағаны дәлелденбегенін алға тартып, қылмыстық істі «Салғырттық» және «Қызмет өкілеттігін асыра пайдалану» баптарына өзгертті.
Сот бұрынғы басшыны 2 жылға бас бостандығынан айырды. Ол 2025 жылдың сәуірінен бері тергеу изоляторында отырғандықтан, қамаудағы бір күні екі күнге есептеліп, жазасын толық өтеді деп танылды.
Порттың бұрынғы атқарушы директоры Ахмад Мустафин ең қатаң жаза алды. Сот оған 4,5 жыл беріп, оның әрекетін алаяқтықтан қызмет өкілеттігін теріс пайдалану бабына ауыстырды. Сондай-ақ ол сирек кездесетін жануарлардың дериваттарын заңсыз иемденгені үшін кінәлі деп танылды. Ал іс бойынша өткен Нұркен Мақсат пен Бақытбек Бақтыбаев – 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын арқалап, пробациялық бақылауға алынды.
Сот үкімімен сотталғандардың барлығына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Сонымен қатар сот теңіз портының азаматтық талабын қанағаттандырып, Ахмад Мустафиннен 2,2 млрд теңге өндіріп алуды бұйырды, ал қалған үш фигурант мемлекет пен порт пайдасына шамамен 3,6 млн теңге көлемінде ортақ шығынды төлеуге міндеттелді.
Әзірге шыққан сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар