Ақтау портының президенті сотталып жатыр
Ақтауда еліміздің стратегиялық маңызы бар нысаны – Халықаралық теңіз сауда портының президенті Абай Түрікпенбаевқа қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Politico.kz.
2017 жылдан бері айлақты тізгіндеп келген шенеунік сот залында жалғыз емес. Айыпталушылар орындығында онымен бірге тағы үш қарамағындағы қызметкері отыр. Мемлекеттік айыптаушылар топ-менеджер мен оның командасын Қылмыстық кодекстің 361-бабы, яғни «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» бойынша айыптап отыр.
Еске сала кетейік, бұл істің шеті биылғы көктемде шыққан еді. 2025 жылдың 29 мамырында порт президентінің тұтқындалғаны туралы ақпарат желдей есті. Көп ұзамай, маусым айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шенеунікке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарының жүріп жатқанын ресми түрде растаған болатын.
Абай Түрікпенбаев басқарған Ақтау порты – жай ғана кәсіпорын емес, Қазақстанның Каспий жағалауындағы басты күретамыры. Бұл – Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын халықаралық хаб. Иран, Түркия, Ресей және Әзербайжан бағытында мұнай, астық және басқа да құрғақ жүктерді тасымалдайтын айлақ жылдың 12 айында, тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді.
Ел экономикасы үшін маңызды орынды 8 жыл басқарған басшының ендігі тағдыры сот таразысында шешілмек.
Сонымен қатар, Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев 3 жыл 3 айға сотталды.
Соңғы жаңалықтар