Ақтөбе облысында жұмыс кезінде күйік алған теміржолшы көз жұмды

Ақтөбе облысында жұмыс кезінде күйік алған теміржолшы көз жұмды
Ашық дереккөз

Ақтөбе облысында жұмыс орнында болған өрттен ауыр жарақат алған 46 жастағы теміржолшы Жұбандық Дүйсембаев қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін бір аптадан астам уақыт күрескенімен, аман алып қалу мүмкін болмады.

Қайғылы оқиға 13 қазанда Шалқар ауданында «Қазақстан темір жолына» қарасты орман алқабында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, екі жұмысшыға көлемі 200 литрлік бөшкеде қалған АИ-92 маркалы бензинді төгу тапсырылған. Жанармайды бір ыдыстан екіншісіне құю кезінде кенеттен өрт шығып, екі жұмысшы да ауыр күйік алған.

Ең көп зардап шеккен 46 жастағы Жұбандық Дүйсембаевтың денесінің 85 пайызы күйген. Ол ауруханаға жеткізіліп, ем қабылдаған. Науқастарды емдеуге Астанадан мамандар да тартылғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Марқұмның артында екі қызы қалды.

Ал екінші жұмысшы — 23 жастағы азаматтың денесінің 40 пайызы күйген. Бастапқыда ол Ақтөбедегі аурухананың жансақтау бөлімінде емделген. Кейін санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізіліп, емін жалғастырған.

Марқұмның отбасы оқиғаның мән-жайын анықтауды талап етіп отыр. Жұбандық Дүйсембаевтың қызының айтуынша, туыстары әкесінің зардап шеккенін бірнеше сағаттан кейін ғана білген. Оның сөзінше, әкесі жүргізуші болып жұмыс істеген және жанармай құю міндеті оның қызметіне кірмеуі керек болған.

Қазір отбасы марқұмға мұндай жұмыстың не себепті тапсырылғанын және оқиға кезінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталған-сақталмағанын білгісі келеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу