Ақтөбе-Алматы бағытындағы ұшақта адам көз жұмды
Желіде Scat авиакомпаниясының Алматыға ұшып бара жатқан ұшағы борттағы жолаушының жағдайы нашарлап кеткен соң Ақтөбе әуежайына қайта оралғаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Tengri Travel-ге сілтеме жасап.
Компанияның хабарлауынша, DV712 Ақтөбе – Алматы рейсін орындау барысында бір жолаушы әйелдің жағдайы «күтпеген жерден нашарлаған».
«Экипаж медициналық дабыл беру рәсімін бастап, алғашқы көмек көрсетуге кірісті. Шақыруға медициналық білімі бар жолаушылар, оның ішінде кардиолог-дәрігер де үн қатты. Олар бортсеріктермен бірге реанимациялық шаралар жүргізді», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Әуе кемесінің командирі әуежайға қайта оралу туралы шешім қабылдағаны нақтыланды.
«Қону жүзеге асырылғаннан кейін жолаушы әйелді жедел медициналық жәрдем тобына тапсырды. Олар реанимациялық шараларды жалғастырғанымен, кейін оның қайтыс болғанын анықтады», — деді компания өкілдері.
Баспасөз қызметі әуе жағдайында жолаушыға көмек көрсету үшін «барлық мүмкін шара қолданылғанын» атап өтті.
«Авиакомпания марқұмның туыстары мен жақындарына шынайы көңіл айтады», — деді тасымалдаушы.
Соңғы жаңалықтар