Ақтөбеде 1-сынып оқушысы мектепте қауіпті сұйықтық ішіп, ауруханаға түсті
Ақтөбе облысының Қобда ауданында 1-сынып оқушысының мектепте болған оқиғасына байланысты тексеріс жүріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 2019 жылы туған бала мектептегі үзіліс кезінде бензин иісі бар сұйықтықты байқамай ішіп қойған. Оқиғадан кейін ол дереу ауруханаға жеткізілген.
Ақтөбе облыстық әкімдігінің хабарлауынша, дәрігерлер балаға уақытында медициналық көмек көрсеткен. Ол облыстық балалар ауруханасында ем алып, жағдайы тұрақтанғаннан кейін үйіне жіберілген.
– Бала аман, өміріне қауіп жоқ, қазір жағдайы қанағаттанарлық, – делінген ресми ақпаратта.
Алайда әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысты түрлі нұсқалар таралуда. Кейбір жазбаларда мұғалім баланың аузынан бензин иісін байқағаны, бірақ бұл туралы дер кезінде медицина қызметкерлері мен ата-анасына хабарланбағаны айтылады. Сондай-ақ оқушы сабақтарын жалғастырып, үйіне барғаннан кейін ғана жағдайы нашарлағаны жөнінде де пікірлер бар.
Қазіргі таңда бұл ақпараттар ресми түрде расталған жоқ. Оқиғаның нақты мән-жайын анықтау үшін білім басқармасы арнайы комиссия құрды.
Соңғы жаңалықтар