Ақтөбеде 25 жастағы мектеп мұғалімі суицид жасады

Ақтөбе облысы Шалқар ауданына қарасты Қаратоғай ауылында 25 жастағы мектеп мұғалімінің қайғылы өлімі қоғамды алаңдатты, деп хабарлайды POLITICO.KZ Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Музыка пәнінен сабақ берген жас ұстаздың денесі 8 сәуір күні таңертең өз үйінен табылған. Марқұм Темірлан Намазбай — Қаратоғай мектебінің түлегі, 2019 жылдан бері туған ауылында мұғалім болып қызмет атқарып келген. Жергілікті білім бөлімінің басшысы Аянберген Қонысбайұлының айтуынша, ол өте белсенді әрі өз ісіне жауапты, білікті ұстаз ретінде танылған.
Темірлан Ақтөбе педагогикалық колледжін тәмамдап, ұстаздық жолын ауылда бастаған. Отбасымен бірге тұрып келген, анасы – сол мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып жұмыс істейді. Ауылдастары мен әріптестері оның ашық мінезін, өнерге деген құштарлығын ерекше атап өтуде.
Қайғылы оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Полиция 1999 жылы туған азаматтың өлімін растады және істің мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Бұл жағдай шалғай ауылдағы жас мұғалімдердің әлеуметтік және психологиялық жағдайына қоғам назарын аудартып отыр.
Соңғы жаңалықтар





