Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесіне шабуыл жасаған жасөспірімге қатысты сот шешімі шықты
Ақтөбеде анасы мен әжесіне пышақпен шабуыл жасады деп айыпталған 16 жастағы жасөспірімге қатысты сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Politico.kz сайты “КТК” телеарнасына сілтемемен.
Сот оның ауыр психикалық ауруға шалдыққанын анықтап, мәжбүрлі түрде емделуі қажет деген шешім шығарды.
Оқиға өткен жылы болған. Жасөспірім үйде 41 жастағы анасымен бірге болған. Екеуінің арасында жанжал туындап, оның барысында жасөспірім пышақ алып, анасына бірнеше рет соққы жасаған. Әйел алған жарақаттарынан көз жұмған.
Одан кейін ол 73 жастағы әжесіне де шабуыл жасаған. Қарт әйел қызын қорғауға тырысқанымен, өзі де жарақат алған. Алайда әжесі аман қалған.
Қайғылы жағдайға дейін жасөспірім сабақты жақсы оқып, түрлі олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған. Алайда жақындары оның мінез-құлқындағы өзгерістерді байқаған. Ол тұйық әрі ашушаң бола бастаған. Туыстары мұны жасөспірімдік кезеңнің ерекшелігі деп қабылдаған.
Тергеу барысында оған бірнеше психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізілген. Мамандар жасөспірімге созылмалы психикалық ауру — шизофрения диагнозын қойған.
Сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатып, психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емдеу туралы шешім қабылдады. Ол бақылауы күшейтілген мамандандырылған психиатриялық ауруханаға орналастырылады.
Қазір жасөспірім Талғар қаласындағы мамандандырылған психиатриялық ауруханада жатыр. Сот үкімін ол залда жеке өзі естіген жоқ.
Соңғы жаңалықтар