Ақтөбеде мектепте босанған оқушыға қатысты жаңа деректер айтылды
Ойыл ауданындағы мектеп оқушысының аяғы ауыр екенін дер кезінде анықтамаған жауапты тұлғалар жазаланды. Бұл туралы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған брифингте өңір басшысы Асхат Шахаров мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
БАҚ өкілі облыс әкімінен жаға ұстатарлық жағдайдың қалайша назардан тыс қалғанын сұрады. Себебі тоғыз ай бойы құрсақ көтерген жасөспірімнің жағдайын қыркүйекте өткен медициналық тексеріс кезінде ақ халаттылар да байқамаған.
Аймақ басшысының айтуынша, оқиға белгілі бола салысымен арнайы комиссия құрылып, қызметтік тергеу жүргізілген. Тексеріс қорытындысы бойынша салғырттық танытқан мамандарға қатысты қатаң шара қабылданды.
«Болған оқиға белгілі болған бойда, мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Біз қызметтік тексеріс жүргіздік. Оның қорытындысы бойынша тексеру жүргізген және оқушының жағдайын ерте сатыда анықтауы тиіс мамандарды шеттету туралы шешім қабылдадық. Аудандық білім бөлімінен бастап бірқатар қызметкерлер жазаланды. Олар өз қызметтерінен босатылды. Оның ішінде облыстық білім басқармасының басшысы да бар», – деді Асхат Шахаров.
Сонымен қатар, облыс әкімі зардап шеккен отбасына қажетті көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді. Бойжеткеннің болашағы мен дүниеге келген сәбидің жағдайы назарда. Ата-анасымен ақылдаса келе, оқушыны басқа білім ошағына ауыстыру туралы шешім қабылданған. Қазіргі таңда полиция тергеу амалдарын жалғастыруда.
Естеріңізге сала кетейік, дүйім жұртты дүр сілкіндірген оқиға биылғы жылдың 13 қазанында Ойыл ауданында болған еді. 14 жастағы 9-сынып оқушысы сабақ үстінде толғатып, мектеп қабырғасында босанған.
Оқушы қыздың жүктілік мерзімі 38-39 аптаға жеткенімен, мұны ата-анасы да, ұстаздары да сезбеген. Тіпті, оқушы көктем, жаз және күз мезгілдерінде үш мәрте медициналық тексерістен өтсе де, дәрігерлер жүктіліктің белгілерін анықтай алмаған.
Күдікті ретінде жәбірленушінің әжесімен бірге тұратын 64 жастағы ер адам қамауға алынды.
Соңғы жаңалықтар